Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Трансшекаралық өзендердің бойындағы Қазталов ауданында тасқынға жол берілмеді

Опубликовано:

Су тасқыны
Фото: БҚО әкімдігі

Биыл БҚО-дағы Қараөзен мен Сарыөзенге Ресейден мол су келді. Бұл тұста қатты ағыс жағалаудағы елді мекендерге тасқын қаупін төндірген еді. Әсіресе, осы трансшекаралық өзендер кесіп өтетін Қазталов ауданы жіті бақылауда болды. Шұғыл әрекет пен тиімді жұмыстың нәтижесінде аталған аумақта табиғи апатқа жол берілмеді.

"Қазсушар" кәсіпорны мамандарының мәліметінше, наурыз айының аяғында көрші елдегі су қоймасынан Қараөзенге секундына 550 текше метрге дейін тіршілік нәрі жіберілген. Ағысты қауіпсіз өткізу үшін мамандар және жергілікті тұрғындармен бірге бөгеттер жырылды.

Су тасқыны
Фото: БҚО әкімдігі

"Ал Сарыөзенге Ресейден секундына 150 текше метр су келді. Сондықтан үш су қоймасын ашуды ұйғардық. Өзен бойындағы көлдер мен бөгеттерге су шығару жұмыстары жүргізілді. Тасқынның алдын алу шараларына облыстан, ауданнан арнайы техникалар мен еңбек күші жұмылдырылды", - делінген аудан әкімдігінің ресми хабарламасында.

Өзендердің бойындағы елді мекендердің қауіпсіздігі тәулік бойы бақыланып отырды. Қазіргі таңда тасқын қаупі сейілді. Жырылған бөгеттер қалпына келтіріліп, қалған суды ұстап қалу жұмыстары атқарылып жатыр.

Су тасқыны
Фото: БҚО әкімдігі

Жайық арқылы Ресейден Батыс Қазақстан облысына келген су Жайық-Көшім суару жүйесіне жиналады. "Қазсушар" кәсіпорнының қызметкерлері биыл бұл жүйеге 1 млрд текше метрге дейін су келуі мүмкін екенін айтып отыр.

"Мұншама көлемдегі су 65 мың гектардан астам шабындық алқабын, жазғы жайылымдарды суландыруға және су қоймаларын толтыруға мүмкіндік береді", - делінген ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарламасында.

Су тасқыны
Фото: БҚО әкімдігі

Қазірдің өзінде тіршілік нәрі ең төменгі ағыстағы Қамыс-Самар көлдеріне дейін жетті. Ол көлдердің көбі біраз жыл бұрын кеуіп қалған еді.

Қазталов ауданы облыс орталығының оңтүстік-батысында орналасқан аграрлы аумақ. Биыл ауданның гидрологиялық жағдайының жақсаруы ауыл шаруашылығының да жай-күйін одан әрі жақсарта түспек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2091659-transshekaralyq-ozenderding-boiyndagy-qaztalov-audanynda-tasqynga-zhol-berilmedi/

pixel