"Детектордан өтуге дайынмын": Байжанов сотта кез келген жазаға мойынсұнатынын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот жарыссөзінде екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов сөз сөйледі. Ол ештеңе жасырмайтынын, сондықтан жалған сөз анықтайтын детектордан өтуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Байжановқа қатысты ең көп тараған болжам – ол қылмыс орнынан мүсәтір спирті мен қан жұққан жейдені алып шығуға көмектескен болуы мүмкін. Ол бұл заттар әлі де BAU мейрамханасында болуы мүмкін екенін айтты.
"Мені қылмыстың ізін жасыруға көмектесті деп айыптап отыр, атап айтқанда, мен мүсәтір спритінің бөтелкесі мен жейдені алып шығуға көмектескен екенмін. Неге бәрі осыған сенімді?Бұл жорамалдар ол заттардың еш жерден табылмағанына негізделген. Негізінде оларды табуға болар еді, өйткені барлық жерден іздемеген.
Оқиға орны төрт рет тексерілді: бір рет Бишімбаевтың көлігін, үш рет VIP кабинаны. Ал мейрамхананың ас үй немесе басқа бөлмелері сияқты басқа жерлер тексерілмеген де. Мүмкін жейде мен бөтелке әлі сонда, қаралмаған жерлерде шығар", - деді Байжанов.
Сондай-ақ ол оны ең бастысы қылмыс ізін жасыруға көмектесті және бейнекамераның жазбаларын жойды деп айыптап отырғанын айтты.
"Егер шынымен видеоны өшіріп, қылмыс ізін жасырғым келсе, мен мұны өзім жасайтын едім, өйткені маңызды нәрселерді өз қолыңда ұстаған дұрыс – мен мұны басқаларға тапсырдым. Шынымен айғақтарды жоюға тырысқан болсам, деректер сақталған серверді физикалық түрде жойып жібере алатын едім және ешбір жазба ешқашан қалпына келтірілмейтін еді... бірақ бұлай болған жоқ. Неге мұндай маңызды істі басымды қатерге тігіп, басқаларға табыстауым керек еді?", - деді Бақытжан Байжанов.
Оның айтуынша, ол өзі берген куәліктерінде ештеңені жасырмаған.
"Барлығын сол қалпында айтып бердім, ештеңені жасырмадым. Қажет болса және мүмкін болса, жалған сөзді анықтайтын детектордан өтуге дайынмын. Қалғаны сіздердің қолыңызда, мен кез келген жазаға мойынсұнамын", - деді Байжанов сот пен алқабилерге.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2095814-baizhanov-sotta-kez-kelgen-zhazany-qabyldaitynyn-aitty/