Қазақстанда су тасқыны кезінде қаза тапқандар саны артты
Жарияланған күні:
Петропавлда бір айдан кейін су тасқыны кезінде жоғалып кеткен ер адам табылды. Оның денесін сүңгуірлер тапты, деп хабарлайды Петропавлоск.news.
Басылымның мәліметінше, ер адам 13 сәуірде Петропавлдың Подгора шағынауданында бөгет бұзылып, су басқан кезде жоғалып кеткен. Бұл жайтты полицияға жоғалған жігіттің ағасы хабарлаған, ер адамды іздеу жұмысы бір ай бойы жүргізілген.
Кеше қалалық полиция сүңгуірлер 34 жастағы қала тұрғынының денесін тапқанын хабарлады.
"13 сәуірде 34 жастағы қала тұрғынының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті, 12 мамырда сүңгуірлер дене жарақаттары жоқ ер адамның денесін тапты", - делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезінде бес адам қайтыс болғанын хабарлаған еді – төрт адам Атырау облысында және бір адам Ақтөбе облысында қайтыс болған. Барлық факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, сәуірдің басында Құлсарыда су басқан үйді тексеруге тракторға мініп шығып кеткен екі ер адамның денесі табылды.
Кейін Құлсарыдан әкесі мен баласының денесі табылды, оларды бір апта бойы іздеген. 1976 жылғы ер адам 2000 жылғы ұлымен бірге су басқан үйін көріп келуге шығып, эвакуациялау пунктіне оралмаған.
Ал Ақтөбе облысында наурыз айының соңында Байғанин ауданы Ебейті ауылында бір бала еріген суға батып кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2099258-qazaqstanda-su-tasqyny-kezinde-qaza-tapqandar-sany-artty/