Ақтөбеден Ресейге жолаушы таситын көлік жол апатына ұшырап, 4 адам қаза болды (видео)
Жарияланған күні:
Кеше, 6 маусымда түстен кейін Ақтөбе – Орск тасжолында жол-көлік апаты болды. Салдарынан 4 адам көз жұмып, біреуі ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство ақпараты бойынша, 5 маусымда сағат 15:00 шамасында Ақтөбе – Орск жолының Қарғалы ауданы Ащылысай аулының маңында Toyota Alphard автокөлігі аударылды. Апат салдарынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға жатқызылды.
"Автокөлік жүргізушісі Ақтөбе қаласынан Ресей Федерациясының Орск қаласына жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан және жол-көлік оқиғасынан бірнеше сағат бұрын полиция қызметкерлері бұл жүргізушімен жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша профилактикалық әңгімелесу жүргізгені анықталды. Соған қарамастан жүргізуші полицейлердің ескертуін елемеген", - делінген хабарламада.
Қазір жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Облыстық полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушысын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2113185-politseilerding-eskertuin-elemegen-aqtobeden-reseige-zholaushy-tasityn-kolik-zhol-apatyna-ushyrap-4-adam-qaza-boldy-video/