Қырғызстанда жүрген сел: қазақстандық екі бала қаза тапты және тағы екеуі жоғалып кетті
Жарияланған күні:
Қырғызстанда болған жойқын селден қаза тапқандар ішінде қазақстандық екі бала бары анықталды. Сондай-ақ тағы екі бала жоғалып кеткен. Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын болуына байланысты Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел тасқыны өтіп, оның салдарынан тұрғындар мен туристер арасында зардап шеккендер бар. Қырғызстанның Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала берген ақпараты бойынша, қаза тапқандардың арасында Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтары бар. Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарда.
Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеп жатқаны айтылады.
"Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста. Біздің Қырғызстандағы Елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдайдың мән-жайын және екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын талқылады", - делінген СІМ хабарында.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Баткен, Ош және Жалал-Абад облыстарында жүрген селдің салдарынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқаны хабарланды.
"Селдің салдарынан адам шығыны туралы хабарды ауыр қабылдадық. Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін Құдайға дұға етейік", - деді көрші елдің басшысы.
Ол сондай-ақ бейінді министрлік пен жергілікті билік алғашқы минуттардан бастап барынша күш салғанын айтты, деп хабарлады 24.kg.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанның Ноқатында жойқын сел болып, бес адам қаза тапқаны хабарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2126142-qyrgyzstanda-zhurgen-sel-qazaqstandyq-eki-bala-qaza-tapty-zhane-tagy-ekeui-zhogalyp-ketti/