Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір саябаққа жарымадық-ау": Атырауда бес бала аттракционнан құлап түсті (видео)

Жарияланған күні:

аттракцион
Аттракцион. Видеодан кадр: instagram.com/nurlan_zhunasov/

Атырауда бір топ жасөсіпірім "Жеңіс" саябағының жанында орналасқан "Керемет" демалыс орнындағы аттракционнан құлап қалды. Сол маңайда орындықта отырған екі баланың үстіне темір түскен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 2 шілдеден 3-не қараған түні болды. Жедел жәрдем бригадасы темір басып қалған екі жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

"Жедел жәрдемге шақырту кешкі 22:34 шамасында түсті. Екеуі 2007 жылғы жасөспірім. Айтуларынша, аттракционның жанындағы орындықта отырған кезде үстіне үлкен темір құлаған. Жарақат алған екі науқас облыстық балалар ауруханасына жеткізілді", - дейі Атырау облыстық Жедел-жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.

Ал аттракционнан зардап шеккен бес бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, дәрігердің тексеруінен өткен.

"Төрт балаға алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем алуға жолданса, бір бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды", - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Сабырова.

Қазіргі кезде саябақ басшыларына қарсы қылмыстық із қозғалды.

"Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша із қозғалып, тергеу жүріп жатыр", - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі өкілі.

Ойын-сауық паркі оқиғадан кейін де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Халық ескі аттракциондарды қойған саябаққа тексеріс жүргізуді талап етіп отыр.

"Салдыр-гүлдір, темірі шіріп кеткен, техникалық байқаудан өтпеген. Механизмдері майланбаған, әрең айналып тұр. Ешқандай қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Белдігі беліңе салсаң, бос жатады", "жақында шолу дөңгелегі де құлайды, шіріп тұр", "Дені дұрыс бір саябаққа жарымадық-ау! Жекенің меншігінде болғанымен, әкімдік сапасын тексермей ме", - деп пікір қалдырды желі қолданушылары.

Еске сала кетейік, 25 маусымда Атыраудағы "Жеңіс" саябағында үстіне ескерткіш құлап, жеті жастағы қыз бала көз жұмған еді.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2129142-bir-saiabaqqa-zharymadyq-au-atyrauda-bes-bala-attraktsionnan-qulap-tusti-video/