Ақтөбе облысындағы жол апаты: дәрігерлер ауруханаға жеткізілген әйел мен екі баласының жағдайын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбелік дәрігерлер 7 тамыз түнде болған жол апатынан кейін жансақтау бөліміне түскендердің жағдайын айтты. Жүк көлігінің астында қалған жеңіл көліктегі 43 жастағы әйел және екі баласы жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың бет-сүйегі сынған, бас-ми жарақатын алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысында Самара-Шымкент тасжолында жол апатына түскен Toyоta Ipsum автокөлігінде анасы екі баласымен отырған. Олар жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер екі баланың біріне ота қажет екенін айтады.
"Жол-көлік оқиғасынан екі бала жедел жеткізілді. 2012 және 2006 жылы туған жасөспірімдердің жағдайы бақылауда. 12 жастағы қыз балада қосарланған жарақат. Жабық бас-ми жарақаты, бет сүйектері, бұғанасы, қабырғасы, сан сүйегі сынған. 2006 жылғы балада жабық бас-ми жарақаты, бет сүйектері, табан сүйегі сынған. Балалар жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр. Екі бала да есін біледі. 2012 жылы туған балаға сан сүйегіне ота жоспарланған", - деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының нейрогхирургі Ахмет Орын.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жол апатынан ауруханаға бас-ми жарақатын алып, денесі көгеріп түскен 43 жастағы келіншек те жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты тың деректерді айтты. Жол апаты Ақтөбе қаласы Бекқұл баба ауылы тұсында болған. Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция департаменті өкілдері жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен бір жолаушы оқиға орнында қайтыс болғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұл жол апаты 7 шілде түнгі уақытта болды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жүк көлігі мен минивен соқтығысқан. Салдарынан екі адам қаза тауып, үш жолаушы ауруханаға жеткізілген.
Ал бұған дейін Ақтөбе облысында 7 тамыз күндіз жантүршігерлік жол апаты болғанын хабарлаған едік. Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, балалар ата-анасымен басқа өңірге футболдан жарысқа қатысу үшін бара жатқан. Алғашында полиция қызметкерлері оқиға орнынан алты адамның денесін шығарды. Кейін қаза болғандардың саны артып, тағы екі оқушының денесі шығарылды. Оқиғаға қатысты полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Көп ұзамай өңір әкімі жол апатына қатысты пікір білдіріп, жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2146281-aqtobe-oblysyndagy-zhol-apaty-darigerler-auruhanaga-zhetkizilgen-aiel-men-eki-balasynyng-zhagdaiyn-aitty/