Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда адам өліміне әкеп соққан жол апатынан кейін танымал кәсіпкер қамауға алынды

Жарияланған күні:

Қарағандыда ұсталған кәсіпкер
Қарағандыда ұсталған кәсіпкер. Видеодан кадр: instagram.com/policeofkaraganda

Қарағандыда мамандандырылған тергеу соты алты көліктің соқтығысуыменн болған жол апатынан кейін Lexus көлігінің жүргізушісіне қатысты бұлтартпау шарасын қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сот жол апатына облыстағы танымал кәсіпкер, "Қазгидромаш" компаниясының директоры Сергей Камаев кінәлі болуы мүмкін деп отыр. Оның кәсіпорны шахтадағы сорғы құралдарына қызмет көрсетумен айналысады.

55 жастағы кәсіпкер осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, үйленген, екі бала асырап отыр, оның бірі кәмелетке толмаған.

Прокурор күдіктіге екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын таңдауды сұрады. Ол Камаев бостандықта жүріп, сот пен тергеуден қашуға тырысуы мүмкін екенін алға тартты.

"Қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сайлау үшін негіздер: Камаев құқықбұзушылық жасады, ол бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Камаев бостандықта болған кезде қылмыстық қудалау органдары мен соттан жасырынып қалуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіз бар. Жоғарыда айтылғандардың негізінде күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауды сұраймын", - деді прокурор сотта.

Жәбірленушілердің адвокаты да күдіктіні қамауға алуды талап етті. Ол күдіктінің әрекеті зардап шеккендерге елеулі материалдық зиян келтіргенін және жәбірленушілердің бірінің денсаулығына зиян тигізгенін мәлімдеді.

Айыпталушы қаза тапқан Nissan жүргізушісінің отбасына көңіл айтты, ол кінәсін жоққа шығарған жоқ. Күдікті моральдық зиянды да, материалдық зиянды да толығымен өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Ерікті түрде өтемақы төлеу үшін оған үй қамағын тағайындауды сұрады.

Ал оның адвокаттары сотқа Камаевтың Ауғанстандағы әскери қимылдарға қатысқанын, онда бірнеше рет жарылыс толқынын сезіп, басынан жарақат алғанын хабарлады. Қорғаушылардың сөзінше, ол қызметтен кейін бас ауруымен ауырып, инфаркт алған, Қазақстандағы және шетелдегі клиникаларда бірнеше рет тексерілген. Содан кейін оған эпилепсия диагнозы қойылған, ол үнемі дәрі қабылдап жүрген.

"2 қыркүйекте біздің қорғауымыздағы азамат түскі ас кезінде дәрі-дәрмек қабылдау үшін үйге қайтып келе жатқан. Апат кезінде ол есінен танып қалған және созылмалы аурудың өршуіне байланысты өз әрекеттерін басқара алмаған. Ол көлік қозғалыссыз қалғанда ғана есін жиған.

Ұсталған уақытта Камаевтың басы, кеуде тұсының сол жағы ауырған. Көлікті басқара алмауға себеп болған сырқаттардың өршуіне байланысты біздің қорғауымыздағы азаматқа мамандандырылған медицина қызметкерлерінің көмегі керек. Оған үйқамақ тағайындауыңызды сұраймыз", - деді сотта күдіктінің адвокаттарының бірі.

Тараптардың дәлелдерін тыңдап, мамандандырылған тергеу сотының судьясы Ерлан Сексенов прокурордың өтінішін қанағаттандырып, күдіктіні қамауға алу туралы қаулы шығарды.

"Сот Сергей Васильевич Камаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын екі ай мерзімге санкциялауға қаулы етті. Қамауда ұстау мерзімі 2024 жылғы 2 қыркүйектен 2 қарашаға дейін есептелсін", - деді судья Ерлан Сексенов.

Еске сала кетейік, 2 қыркүйек күні Қарағандыда алты көліктің соқтығысуымен жол апаты болды. Жол апаты салдарынан жүргізушілердің бірі қаза тапты, үш адам Мақажанов атындағы клиникаға жатқызылды. Олардың қатарында жүкті әйел де бар.

Көп ұзамай күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2157195-qaragandyda-adam-olimine-akep-soqqan-zhol-apatynan-keiin-tanymal-kasipker-qamauga-alyndy/