Ақтөбеде шала туған бала шетінеп кетті: оқиғадан кейін дәрігерлер жазаланды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында шала туған нәресте жеті айлығында шетінеп кетті. Сәбидің ата-анасы оның өліміне медицина қызметкерлерін кінәлауда. Бұл жайтқа қатысты облыстық аурухананың өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бершүгір ауылының тұрғыны Арман Жұбанышев көмек сұрады. Жеті айлығында аз салмақпен туған ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Оның айтуынша, дәрігерлердің салғырттығынан науқас сәби тиісті көмекті алмаған.
"Балам Ақберен Бәйтібей 2023 жылы 1 қарашада өмірге келді. Әйелім Кесар тілігімен туды. Отаны Шалқарда жасады. Әйелім бір апта сол перзентханада жатып, кейін баламды Ақтөбе қаласына алып кетті. Баламның соқырішегі тесік деп, үлкен дәрет үшін ішегін сыртына шығарып қойды. Салмағы 1,1 келі болған соң салмақ жинау керек болды. Балама отаны Ақтөбе қаласында жасады. 6 айдан кейін салмақ жинап, екінші ота жасалды. Жақсы болып, үлкен дәреті жүрді", - дейді әкесі.
Оның сөзінше, баласы Шалқардағы ауруханада жатқан. Әкесінің айтуынша, шешесі науқас баламен бірге таксимен жолға шыққан.
"Бір ғана дәрі берген, басқа ештеңе бермеген. Ертеңіне Ақтөбеге алып кетеміз, жағдайы ауыр деп келіншегім екеуін таксиге салып жібереді. Жол бойында "бала түнімен ұйықтаған жоқ" деп балаға наркоз береді. Содан Ембі қаласына келеді. Ол жақтан дәрігер таппай 2-3 сағат өтеді. Айқай-шу шығарған соң ғана Ембіге санавиация келді. Түнде дәрігер хабарласып, "дайындала бер, жағдайы қиын" деп айтты. 26 маусымда бала шетінеп кетті. Ембіден алып, сараптама жасатуға апардым. Сараптама қорытындысы бар. Біз сотқа бердік. Прокуратураға да арыз жаздым", - дейді баланың әкесі Арман Жұбанышев.
Жеті айлығында туған ұлынан жеті айдан асқанда көз жазып қалған әке кінәлілерді жазалауды сұрайды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бала өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қазіргі таңда екі бірдей аурухананың бас дәрігерлеріне қатаң сөгіс берілген.
"Баланың қайтыс болу себебі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасында толықтай тексеріс болды. Тексеріс қорытындысына сәйкес, Шалқар аудандық ауруханасына, Ембі ауруханасының бас дәрігеріне шара қолданылды. Бала шала туғанын айта кету керек. Бірнеше потологиялық ақаумен дүниеге келген. Осы себептен, яғни, денсаулық жағдайының нашарлауы туындады.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық комитетінің тексерісі жүргізілді. Қорытындысына сәйкес, шаралар қабылданып, бас дәрігерлерге қатаң сөгіс берілді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бала ішек инфекциясының асқынуларынан қайтыс болды. Шала туған, салмағы өте аз. Жүрек патологиясы болған. Үш ота жасалған. Осы жағдайлардан кейін асқыну пайда болған. Басында облыстық басқармаға хабар берілмеген. Аудандық ауруханадан баланы қасына медициналық қызметкер ертіп, облысқа тасымалданған. Орта жолда денсаулығына нашарлап, Ембі аудандық ауруханасына жатқызады.
Сол арада консилиум тағайындалып, санавиация сол жерге жіберілді. Сол жерде көмек көрсетті. Бала тасымалдауға келмеді. Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты сол жерде көз жұмды. Таксимен тасымалдау заңды емес", - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шарбакова.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2159238-aqtobede-shala-tugan-bala-shetinep-ketti-oqigadan-keiin-darigerler-zhazalandy/