Жетісу облысында жол апатынан екі адам қаза тапты
Жарияланған күні:
"Алматы-Өскемен" тас жолында жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, аударылып қалған. Жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Toyota Estima" автокөлігінің жүргізушісі "Алматы-Өскемен" тас жолымен жүріп келе жатып, рөлді басқара алмай, көліктің аударылуына жол берген. Оқиға салдарынан жүргізуші мен жолаушы қаза тапты. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады аймақтық полиция өкілі Instagram парақшасында.
Жетісу полициясы көлік жүргізушілерін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Жақында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында болған жол апатынан үш адам қайтыс болған. Тас жолда екі автокөлік соқтығысып қалған.
18 қыркүйек Қостанай облысында тас жолда екі автокөлік соқтығысып, олардың бірі жол шетіне аударылып, өртеніп кеткен. Салдарынан бір әйел қаза тауып, қылмыстық іс қозғалды.
16 қыркүйек Қостанай облысындағы "Торғай-Арқалық" тас жолының 17-ші шақырымында жол апаты болды. Екі ересек адам мен екі бала қаза тапты. 38 жастағы Lexus көлігінің жүргізушісі жолда көлікті басып озу кезінде басқара алмай, "ГАЗель" маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін жүк көлігі аударылып, бір жаққа құлап қалған. Lexus жүргізушісі мен екі бала оқиға орнында қаза болды. Ал көліктің тағы бір жолаушысы ауруханада көз жұмған.
Апат болса не істеу керек?
"Электрондық үкімет" сайтында жол-көлік оқиғасы кезінде келесі әрекеттерді орындау керегі айтылған:
- Зардап шеккендердің жоқтығына көз жеткізу, егер бар болса, жедел жәрдем шақыру;
- "Апаттық сигналды" қосып, апаттық тоқтау белгісін қою;
- Оқиға куәгерлері болса, олардың байланыс деректерін жазып алу;
- Әкімшілік полиция қызметкерлерін (102 – егер зардап шеккендер жоқ болса / 112 – егер зардап шеккендер болса) шақыру.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері келген кезде барлық құжаттарды рәсімдеуі керек:
1. ЖКО схемасын жасау;
2. ЖКО орнын қарау хаттамасын толтыру;
3. Әкімшілік хаттама толтыру;
4. Түсініктеме алу;
5. Жүргізушілерді медициналық тексеруге жіберу.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2166528-zhetisu-oblysynda-zhol-apatynan-eki-adam-qaza-tapty/