Талғарда төбелес соңы атысқа ұласты: бір адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖеліде Талғардағы дүкендердің бірінің маңында атыс дауысы естілгені туралы ақпарат тарады. Алматы облысының полиция департаменті өкілдері оқиғаның мән-жайын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Желіде тараған ақпарат сүйенсек, жергілікті тұрғындардың айтуынша, Менделеев көшесінде төбелес болып, мылтық даусы шыққан.
"Қатты қорықтық, бірден 103 және 102-ке хабарластық, Менделеев көшесінде "қытай дүкенінде" шамамен сағат 02.30-да атыс болды", - дейді куәгерлер.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында бір топ жас жігіттің арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан.
"Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылардың бәрі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта барлық мән-жай бойынша тергеудің жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2169894-talgarda-tobeles-songy-atysqa-ulasty-bir-adam-qaza-tapty/