"Бейнебақылау жазбалары зерттеледі": Талғарда бозбала өліміне қатысты полиция тағы мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Талғардағы кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, іс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды. Бұл туралы ведомствоның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
"Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды", - делінген хабарда.
Жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатыстылығын анықтау үшін тергеу шеңберінде тексеру жүргізіліп жатқаны айтылады. Әрқайсына қатысты құқықтық баға беріледі.
"Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабардар етуде. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді", - деп ескертті Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров.
Талғардағы жасөспірім өлімі
Бұған дейін желіде Талғардағы дүкендердің бірінің маңында атыс дауысы естілгені туралы ақпарат тарады. Полицейлердің хабарлауынша, 4 қазанға қараған түні бір топ жас арасында жанжал болып, ол төбелеске ұласқан. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың бірі алған алған жарақатынан жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланған болатын.
Кейін тәртіп сақшылары күдіктілердің ұсталған сәті түсірілген кадрларды көрсетті.
Оқиға салдарынан 16 жастағы жасөспірім қаза тапқаны, төбелес қаза тапқан баланың отбасы жалдаған дүкендегі жанжалдан басталғаны белгілі болды.
Кейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі жанайқайын жеткізді. Видеода марқұм Шерзат Болаттың әкесі сот ашық әрі әділ өтуін талап еткен болатын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2171673-beinebaqylau-kameralarynan-alyngan-zhazbalar-zertteledi-politsiia-talgardagy-bozbala-olimine-qatysty-malimdeme-zhasady/