Блогер Бейбіт Әлібековтің Lamborghini көлігімен трюк жасаған жас жігіт қаза тапты
Жарияланған күні:
Читать на русском29 қазанда 22 жастағы жігіт трюк көрсетпек болып, блогер Бейбіт Әлібековке тиесілі Lamborghini көлігінің астында қалған. Бүгін жас жігіт ауруханада қайтыс болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қайғылы жағдай туралы блогер Бейбіт Әлібеков TikTok және Telegram арналарында тарап кеткен видеоүндеуінде айтты.
"Көптеген адам менің неліктен жоғалып кеткенімді сұрап жатыр. Өкінішке қарай, жаңалық жақсы емес. Менен көлігімді сұраған жігіт естеріңізде ме? Мен оған бермедім, Telegram-да мұны белсенді түрде талқыладық, бәрі бер деп өтінді.
Оған көлікті трюк үшін бердім, қандай да бір байқау болды ма, нақты білмеймін. Ал оның трюк жасауға талпынысы нәтиже бермеді. Ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, өкінішке қарай, бүгін таңертең қайтыс болды", - деді блогер марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып.
NUR.KZ тілшісі пікір алу үшін Алматы облысы полиция департаментіне хабарласты. ПД өкілдері редакцияға ер адамның жол апатынан қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады.
"29 қазанда Ақсай ауылындағы Сокол автодромының аумағында 22 жастағы жас жігіт видеоға түсіру кезінде трюк жасап, абайсызда 45 жастағы жүргізуші басқарған көліктің дөңгелегінің астында қалған.
Салдарынан зардап шегуші аудандық ауруханаға жатқызылды, ол 30 қазанда есін жимай қайтыс болды", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінен.
Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, 25 қазанда Әлібековтің Telegram-арнасында осы тақырыпқа сауалнама жарияланған.
"Бір жігіт менің Ламбамды жүріп бара жатқан кезде секіріп өту үшін сұрап жатыр. Ол алты ай бойы дайындалыпты (бұл қандай да бір әлемдік жарыс), бірақ мен күмәнданып отырмын. Рұқсат берейін бе?", - деп жазған ол.
Айта кетейік, Бейбіт Әлібеков, Respublica партиясының ресми сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, Blackberry медиахолдингі мен баспа үйінің иесі. Блогер Astana Watch Club негізін қалаушы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2180894-bloger-beibit-alibekovting-lamborghini-koligimen-triuk-zhasagan-zhas-zhigit-qaza-tapty/