Қарағандыда құрылыс алаңында жұмысшы мерт болды
Жарияланған күні:
Қарағандыда құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген екі адам биіктен құлап кетті. Бірі оқиға орнында мерт болса, екіншісі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды KТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, құрылысы жүріп жатқан ғимаратқа жұмысшылар лифт орнатуға келген.
Екі адам темір тросқа бекітілген құрылғыға отырып жұмыс істеп жатқан. Осы кезде ол үзіліп кетіп, екі жұмысшы төменге құлдилаған. Бірақ олардың нақты қай қабаттан құлағаны белгісіз. Оны енді сараптама анықтайды.
Құрылыс нысанында тексеріс басталды. Адам өлімі бойынша қылмыстық іс те қозғалған.
"Әзірге тексеріс жүріп жатқанда құрылыс тоқтап тұр. Сараптамалар тағайындалады. Құрылғының өзі жоғарыға дұрыс бекітілмеді ме, әлде бір жерінен үзіліп кетті ме, оны анықтауға тиіс. Бұл біздің нысандарда лифт орнатып жүрген тәжірибелі маманы бар компания. Бәрін тексеріс анықтауға тиіс", - деді құрылыс компаниясының өкілі Айдар Алданыш.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2180943-qaragandyda-qurylys-alangynda-zhumysshy-mert-boldy/