БҚО-да өрт кезінде терезеден секірген балалардың видеосы тарады: ТЖД өкілдері мән-жайды айтты
Жарияланған күні:
Желіде БҚО-дағы өрт кезінде кішкентай екі баланың көпқабатты үйдің терезесінен секірген видеосы пайда болды. Оқиғаның мән-жайын өңірлік ТЖД өкілдері айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап жатыр. Бейнежазбадан екі балақайдың төртінші қабаттағы терезеден секіріп жатқанын көруге болады. Оларды төменде тұрған ер азаматтар қағып алған.
Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген облыстық ТЖД өкілдерінің мәліметінше, Ақсай қаласында көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Өрт сөндірушілер қоңырау түскеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына жеткен.
Өрт 60 шаршы метр аумаққа таралған. ТЖД қызметкерлері 12 адамды, оның ішінде 7 баланы қауіпсіз жерге шығарған.
"Өрт сөндірушілер келгенше, анасы жанып жатқан пәтердің терезесінен екі баласын төменде тұрған көршілеріне лақтырып жіберген. Біз арнайы баспалдақтар арқылы алдымен балалардың анасын, кейін қалған тұрғындарды құтқардық. Барлығы 12 адам қауіпсіз жерге көшірілді", - деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Құтқарылған адамдар жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Өрт сағат 9:47-де сөндірілген.
Облыстық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің хабарлауынша, өрттен үш адам зардап шеккен, олардың жағдайы ауыр.
"Таңғы сағат 09:20-да "103" қызметіне Ақсай қаласы, 10-шағынауданда орналасқан үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккендерді Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді. Қазір 2020 және 2016 жылы туған екі ер бала мен 1981 жылы туған әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр, қажетті ем алуда", - деді департамент өкілі.
Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Ақсай қалалық әкімдігі отбасына қажетті көмек көрсетілетінін және жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2191281-bqo-da-ort-kezinde-terezeden-sekirgen-balalardyng-videosy-tarady-tzhd-okilderi-man-zhaidy-aitty/