Қызылордада балалар үйінің тәрбиеленушісі 2-ші қабаттан секіріп кетті
Жарияланған күні:
Қызылордадағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі екінші қабаттан секіріп кетті. Оқиға салдарынан жасөспірім қыздың жамбас сүйегі сынды.
Сондай-ақ, дәл осы мекеменің 16 жасар тағы бір тәрбиеленушісінен сифилис ауруы анықталды. Қаршадай қыздың жаман дертті қайдан жұқтырғаны белгісіз, бірақ балалар үйінің басшысы мерезді тұқым қуалайтын ауруға теліп отыр.
Жібек Қожахметова балалар үйіне бауырымен жаңа жылдың алдында ғана орналасыпты. Өзі тағдырлас балалар мекендейтін мекеменің тыныс-тіршілігі жасөспірім қызға келген күннен ұнамаған. Бұл пікірін тәрбиешілеріне де бірнеше мәрте ескертіпті.
"Педагогқа да айтып жүрдім. Қонақжай болса да, маған беріңізші, деп. Басында иә, иә деп жүрді де, мән бермеді. Сосын шыдамадым", - дейді балалар үйінің тәрбиеленушісі Мөлдір Қожахметова.
Жаңа ортаға үйрене алмаған бойжеткен қаңтардың бесі күні түнде екінші қабаттан секіріп кеткен.
Сол күннен бері төсекке таңылған жасөспірімге дәрігерлер жамбас сүйегі сынған деп диагноз қойған. Қазір Жібек балалар үйінің медициналық бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
"Жаңа жылдық мереке күндері болатын ол кезде. Қызды түнімен іздеп, таба алмадық. Таңертең полицияға хабар бердік. Ертесі күні травматологиялық бөлімшеден хабар келді", - дейді №1 жетім балалар үйі директорының міндетін атқарушы Марат Жүсіпәлиев.
Таяуда дәл осы мекеменің екінші тәрбиеленушісінен аты жаман ауру анықталды. 16 жасар қаршадай қыз бала мерез ауруын жұқтырған. Кішкене ағзасын мерез меңдеген жасөспірім балалар үйіне 2006 жылы орналасқан. Анасынан жұққан жағдайдың өзінде бала күнінде белгі беруі мүмкін.
Дәрігер-дермотовенеролог Дана Қойшыбаеваның айтуынша , мерез ауруының жасырын түрі жиі кездеседі. Ол кезде науқас бірнеше уақыт ауру болып жүре береді. Ауруы тек қана қан тапсыру арқылы анықталады. Көбіне жыныстық жол арқылы жұғады.
Әзірге, аты жаман ауруды қаршадай қыздың қалай, қайдан жұқтырып алғаны белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық - бір тәрбиеленушісі терезеден секіріп, екіншісі жаман дерт жұқтырып жатқанда, балалар үйіне қатысты бірде бір іс қозғалмаған.
Өрімдей қыз өзін өлімге қиятындай қадамға не үшін барды? Құзырлы органның қолтаңбасы болмағасын, көп сауал жауапсыз қалып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/300607-kyzylordada-balalar-yjinin-terbielenushisi-2-shi-kabattan-sekirip-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.