Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұшақ апатынан тірі қалған қыз қасында бірге болғандардың көз жұмғанын енді білді

Опубликовано:

Жамбыл облысындағы АН-2 апатынан жалғыз өзі тірі қалған Әсем Шаяхметова қасында бірге болған азаматтардың көз жұмғанын енді білді. Сұмдық апаттан алты адамның қаза болғанын тірі қалған қызға естіртуге ешкімнің батылы бармапты.

Әсемнің өзі әріптестерінің мерт болғанын түсінде көрген.  АН-2 ұшағынан жалғыз өзі тірі қалған Әсем Шаяхметованың анасының телефонында тыным жоқ. Бүкіл Қазақстан жұрты өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатып, Құдай сақтап аман қалған қызының жағдайын сұрап жатыр.

"Түсімде келді, олар қайтыс болды ғой. Бүгін жерлеп жатыр ма?" деп сұрады.

Ал есін жинаған Әсем ұшақта бірге отырған әріптестерін іздей бастапты. Осы уақытқа дейін бәрі тірі деп ойлаған геолог қыз қасындағы алты адамның қаза болғанын енді білген. Түнде түс көрген Әсемге әріптестері ақ киіммен келіп аян беріпті. Ал анасы қызым: "Олар бұл өмірде жоқ қой иә, бүгін жерлейді ғой" - деп жылағанда не айтарымды білмедім дейді.

"Мен ештеңе айтқан жоқпын. Ол өзі "Түсімде келді, олар қайтыс болды ғой. Бүгін жерлеп жатыр ма?" деп сұрады.  Мен үндеген жоқпын. Көзіне жас алды, мен жылама дедім", - дейді анасы.

Әсем әсіресе "Балқаш түсті мет" компаниясында бөлім бастығы болған Ұлбазар Есмағамбетованың артында қалған екі баласын қатты уайымдады дейді анасы. Күйеуі қайтыс болған еді, қос құлыны жетім қалды ау деп солқылдапты. Ал өзі ұшақ құлағаннан кейін жарты сағаттан соң есін жинаған.

"Жарты сағаттан кейін тұрдым басымды қозғалттым, аман екенмін. Алла деп айқайлап, Құдайыма сыйындым" деп айтқан қызы анасына. 

Әсемнің есін жинағаннан кейінгі әрекетін нағыз ерлік деп бағалауға болады. Бір жарым метрлік қардан тырмысып шығып, шашылып жатқан мүрделердің ішінен телефон тауып құтқарушыларға хабар бергенін анасы мақтанышпен айтады.

"Қара қызым" деп еркелететін қыздарының айдалада өлім мен өмір ортасында жасаған кейбір әрекеттерін енді күліп еске алады.

"Құтқару қызметіне телефон соққанда қай жердесің депті. Ашуланған қызым оларды балағаттап жіберген. Қайда жатқанын білмеген ғой", - дейді Әсемнің анасы Ақгүл Какокова. 

Анасы үйдегі екі баланың кішісі, тұрмыс құрмаған Әсем болашақта бала көтере алмай қала ма деп қауіптенетінін де жасырмады. Алайда, дәрігерлер бауыр еті баласының денсаулығына алаңдаған ата-анасына еш уайымдамаңыздар деп жұбатыпты.

Ал жастайынан өжет болып өскен қыз тезірек жұмысқа шығуды армандап жатыр екен. Ұстаздарынан ұшақ апатында айырылған бас геолог өз аяғыммен жүрген күні сүйікті кәсібіме қайта кірісемін дейді.  Тез сауығып кетсе, сәуір айында жұмысқа кірісуді де ойлап жатыр екен.

Жарты сағаттан кейін тұрдым басымды қозғалттым, аман екенмін. Алла деп айқайлап, Құдайыма сыйындым

Ал Әсемнің өзін алда бірнеше операция күтіп тұр. Алғашқысын дәрігерлер алдағы сейсенбі күні жасауды жоспарлар отыр. Науқастың сынған жамбас сүйегі мен жіліншігіне ота бір сәтте жасалмақ. Бүгін Әсемнің өзі ақырындап тамақ ішіп, әл жинай бастапты. Күл болған ұшақ ішінен тірі қалған жалғыз қыз бұл апатқа ешкімді айыптамаймын депті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/351274-yshak-apatynan-tiri-kalgan-kyz-kasynda-birge-bolgandardyn-koz-zhymganyn-endi-bildi/

pixel