ДСМ Абай облысында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді
Опубликовано:
Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылындағы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
"Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады.
Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Пациенттердің жағдайының ауырлығы алған жарақаттарына байланысты. Балаларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.
Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады.
Пациенттердің біріне қазір дәрігерлер бригадасы миға күрделі нейрохирургиялық операция жасауда, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды", - делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Абай облысына бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог сынды мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиация ұшағы жіберілген болатын.
"Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстауда. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, еліміздің үздік мамандары тартылған", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, оқыс оқиға 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қаққан.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Зардап шеккен тағы үш бала ауруханаға жеткізілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2277111-dsm-okilderi-abai-oblysynda-zhol-kolik-oqigasynan-zardap-shekken-balalardyng-zhagdaiyn-aitty/