"Ата-әжелеріне қонаққа келген": Абай облысында үш бала көз жұмған қайғылы оқиға қатысты жаңа деректер шықты
Опубликовано:
Абай облысының әкімдігі Үржар ауданында жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, Үржар ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмған. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алған, олар қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмек алып жатыр.
"Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Көз жұмған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды", - делінген хабарламада.
Хабарламада облыс әкімдігі тарапынан көз жұмған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетіні, сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те берілетіні айтылған.
Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Абай облысында жол-көлік оқиғасынан үш бала көз жұмып, тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенін жазған едік.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, оқыс оқиға 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қаққан.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Зардап шеккен тағы үш бала ауруханаға жеткізілген.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсеткен. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиға орнына зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог сынды мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиация ұшағы жіберілді.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз