"Денесі 4-5 күн тұрып қалғандай": Шуда перзентханада көз жұмған келіншектің өліміне қатысты тергеу басталды
Жарияланған күні:

Жамбыл облысындағы Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасына босануға өз аяғымен барған 26 жастағы жүкті келіншек сәбиімен бірге көз жұмды. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басылымның хабарлауынша, келіншектің туған әпкесі Алтынай Ешенәлиева сіңілісі ауруханаға түскен кезден бастап әлеуметтік желіде дабыл қаққан.
"Ауырып тұрмын деген келіншекке уақытылы қарамай, мән бермеген. Әжетханаға шыққан келіншек құлап, сол жерде 2,5 сағат жатып қалған. Сол немқұрайлықтың кесірінен іштегі сәбиден айрылып қалдық. Келіншек өзі ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Қан қысымы көтеріліп тұрған кезде көмек көрсетпеген. Содан кейін келіншек құлап комаға түсті", - деді сіңлісі.
18 наурызда Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасы науқас жүктіліктің асқынуы себебінен преэклампсия ауыр дәрежесінен есін жоғалтып, жансақтау бөлімінде емделіп жатқанын жазған.
Кейін келіншектің туыстары сәбидің қайтыс болғанын айтып, ана өмірін аман сақтап қалуға әрекет жасап, кінәлі адамдардың жазалануын талап етіп видеоүндеу де түсірген.
"Әдемі - менің абысыным. Ол 5 наурызда анализдері дұрыс болмай, осы ауруханаға түсті. Ол осы жерде екі күн басы ауырып жатты. Бірақ дәрігерлер әрекет етпеген. Біз енем екеуміз 10 наурызда ауруханаға келіп, Әдеміні Таразға жіберуін сұрадық. Дәрігерлер болса, әйелді өзіміз қараймыз деді. Бірақ бізге Әдеміні "ем алып жатыр" деп көрсетпей қойды", - дейді Әдемінің абысыны.
Осылайша, аурухана өкілдері әйелдің туыстарына 4-5 күн өткен соң оның қайтыс болғанын естірткен. Әдемі Ешенәлиеваның қайын інісі жеңгесінің денесін мәйітханадан іздеп таба алмай, аурухананың жертөлесінен тапқанын айтады.
"Денесі мәйітханада деген соң, ол жаққа бардық. Ол жерден таба алмадық. "Денесі ауруханада, дәрігер келген соң береміз" деді. Ауруханадан да іздеп таппадық. Сосын ағам екеуміз жертөлеге қарай түстік. Есіктен сығалап қарасақ, адам мен балалардың арбасы тұр. Есік құлыптаулы, біз есікті ашып кірдік. Жердегі адамның бетін ашсақ, жеңгемнің денесі жатыр...Содан кейін денені Тараз қаласына сараптама жасауға алып кетті. Жеңгемнің денесі ісіп, 4-5 күн тұрып қалғандай иістеніп кеткен", - дейді ол.
Алайда аудандық аурухана туыстарының бұл сөзін жоққа шығарып, ақпарат жалған екенін жазған.
"Шу аудандық ауруханасында жүкті әйел жүрек-қан тамырының ауруынан қайтыс болды. Дәрігерлер жедел түрде реанимациялық шаралар жүргізгенімен, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл оқиғаға байланысты Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы жұмыс тобын құрды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аурухана өкілдері марқұмның туыстары таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Оқиғаның нақты мән-жайы тексерістен кейін белгілі болады. Сараптама нәтижелері жақын арада жарияланады", - деп жазылған аурухананың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Осы мәселе бойынша Азаттық рухы тілшілері Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен комментарий сұраған. Полиция өкілдері аталған оқиғаға қатысты қылмыстық із қозғалғанын мәлім етті.
Облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ал келіншектің мәйіті нақты қай жерден табылғаны туралы сұраққа баспасөз қызметі "басқа ақпарат жоқ" деп жауап берген.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Комиссиялық сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне Шу қалалық ауруханасының қызметкерлеріне қатысты қызметтен тыс тексеру жүргізу туралы сұраныс жолданды", - деп хабарлады полиция департаменті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2230881-denesi-4-5-kun-turyp-qalgandai-shuda-perzenthanada-koz-zhumgan-kelinshekting-olimine-qatysty-tergeu-bastaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде