"Түрмеге қайта оралады": мәжіліс депутаттары Жомарт Ертаевқа қатысты сот қаулысының күші жойылғанын мәлімдеді
Опубликовано:
Читать на русском
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Жомарт Ертаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулының күші жойылып, оның темір тордың арғы жағына қайта оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Facebook парақшасында Жомарт Ертаевты босату туралы қаулының күші жойылғанын мәлімдеді.
"Ертаевқа қатысты сот қаулысы бүгін бұзылды. Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен Бас прокуратура, Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын", - деп жазды депутат.
Мәжілістің тағы бір депутаты Ермұрат Бапи "Жомарт Ертаев түрмеге қайта отырады", деп жазған Facebook-те.
NUR.KZ тілшісі Бас прокуратура мен Алматы облыстық сотының баспасөз қызметіне мәжілісмендердің ақпаратына түсінік беруді сұрап сауал жолдады.
Еске сала кетейік, Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзге тұлғалармен алдын-ала келісу арқылы BANK RBK-дан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Алматыда мекемеаралық жедел-тергеу тобы экс-банкир әрі "Алма-ТВ" ЖШС-нің бас директоры Жомарт Ертаевты құрықтамақ болған. Алайда Ертаев дер кезінде ізін суытқан.
2018 жылы оған халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланды.
2018 жылы мамырда банкирді ресейлік құзырлы орған өкілдері тұтқындаған. Бірақ алаяқтық жасады деп айыпталып жатқан Ертаевты босатып жіберген.
Кейінірек Қазақстанның Бас прокуратура қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей Федерациясынан Жомарт Ертаевты экстрадициялады.
Ертаевқа қатысты сот 2019 жылдың желтоқсанында басталып, бір жылға жуық уақытқа созылды.
2020 жылдың қараша айында бұрынғы банкир Bank RBK-ға тиесілі 144 миллиард теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал 2021 жылы екінші қылмыстық іс бойынша экс-банкир Жомарт Ертаевқа сот үкімі шықты. Ол қылмыстық топ құрғаны және алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жалпы алғанда ол 20 жыл бойы жазасын өтеуі керек болған.
Ал биыл қыркүйекте Жомарт Ертаев бостандыққа шыққанын хабарлаған едік. Сот шешімі бойынша оған рақымшылық жасалып, соның нәтижесінде босатылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз