ҚМА блогер Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді
Опубликовано:
Читать на русском
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов сенат кулуарында блогер Жанабыловтардың ісіне қатысты пікір білдірді, деп деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Журналистердің сауалына жауап берген Елемесовтің айтуынша, Жанабыловтарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 1-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталған.
"Қосымша мәліметтер болса сіздерге хабарлаймыз. Өздеріңіз білесіздер, апелляциялық шағым дүйсенбі күні сотта қаралды, содан кейін материалдар бізге келіп түсті", - деді ҚМА өкілі.
Ол тергеу екі айға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қыркүйекте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізу фактісі бойынша (ӘҚБтК 445-1 бабының 6-бөлігі) Ерболат Жанабыловқа қатысты істі қарау басталды.
15 қыркүйекте істі қарау жалғасып, сот ұтысқа қатысу құны мен оған қатысқан адамдардың айтарлықтай көптігін (6 000 адам) ескере отырып, Жанабылов пен Төлегенованың іс-әрекеттерінде заңсыз кәсіпкерлік қызметтің белгілері бар деген қорытындыға келді.
Сондай-ақ сот іс жүргізуді тоқтатып, олардың іс-әрекеттерінде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің болуына байланысты материалдарды Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаментіне жолдады.
Кейін Жанабылов пен Төлегенованың аталған қаулымен келіспей, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш білдіріп, шағым бергені белгілі болды.
9 қазанда Астана қалалық сотында апелляциялық шағым қаралып, апелляциялық алқа шағымдарды зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келісті. Атап айтқанда, сыйлықтардың құнын және алынған кірісті ескере отырып, барлық мән-жайды анықтау мақсатында көрсетілген әрекеттерге сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының құқықтық баға беруі қажет деп тапты.
Осылайша, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2297844-qma-bloger-zhanabylovtarga-qatysty-qylmystyq-is-qozgalganyn-malimdedi/