"Жүрегі тоқтағанша ұрған": Түркістанда мектеп оқушысы көз жұмды
Опубликовано:
Читать на русском
Желіде түркістандық 15 жастағы оқушының соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға оның құрдастарының қатысы болуы мүмкін. Полиция іс қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Жасөспірімді зиратқа алып барып, сол жерде аяусыз соққыға жыққан – ол жүрек тұсынан алған соққыдан сол жерде көз жұмды" - делінген Telegram желісіндегі Jagdai арнасында.
Марқұмның бауырының айтуынша, шабуылды төрт адам жасаған.
"Олар оны кезекпен ұрып-соқты, сегіз рет соққы жасаған. Соққының бәрі жүрек аймағына тиген. Жүрегі тоқтағанша ұрып-соққан. Ол жарылып кетті. Ұйқы безі де жаншылып, жарылды. Бірден көз жұмды. Содан кейін олар бауырымның жай ғана есінен танып қалғанын айтып, сендіруге тырысты. Мен келгенше, бауырым қайтыс болып кетті", - дейді туысы.
Туыстарының айтуынша, бала әкесіз өскен, физикаға қызығушылық танытқан, ҰҚК қызметкері болуды армандаған.
Түркістан облыстық полиция департаменті өкілдерінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, 3 қарашада Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы қайтыс болды, оқушының өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы барлық қажетті шараны жүргізді. Алдын ала анықталғандай, 9-сынып оқушысы сыныптасының кеуде тұсынан ұрған, содан кейін сыныптасы оқиға орнында көз жұмды.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні және оқиға кезінде болғандардың барлығын ұстады", - дейді департаменттің баспасөз қызметі өкілі.
Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері мен қамқоршылары бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына да тиісті есеп берілді.
Бұл ретте ювеналды полиция қызметкерлері алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар мен тәрбие жұмыстарын жалғастыруда.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2307540-zhuregi-toqtagansha-urgan-turkistanda-mektep-oqushysy-qaitys-boldy/