Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты
Опубликовано:
Талдықорғанда кісі қолынан мерт болған Айзат Жұманованың ісі бойынша айыпталушыға сот үкімі жарияланды. Сот марқұм әйелдің күйеуіне 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) қаралды.
Сотта 2025 жылғы 22 маусымда сағат 00:00 шамасында Ж. алкогольдік масаң күйде жәбірленуші Д.-ны үй ауласынан қақпа сыртына шығарып, оның өмірлік маңызды мүшелеріне бірнеше рет соққы жасағаны анықталды. Алынған жарақаттардың салдарынан жәбірленуші кейіннен ауруханада қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі сараптамалар қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес, басты сот талқылауы Ж.-ға тағылған айыптау шегінде жүргізілді. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінің санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Ж. бұрын сотты болмаған, кінәсін ішінара мойындады.
Алайда іс бойынша қылмысты алкогольдік масаң күйде жасау түріндегі ауырлататын мән-жайдың анықталуына байланысты, сот Ж.-ны кінәлі деп танып, оған санкцияның ең жоғары шегіне жақын жаза – 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2329662-taldyqorganda-aizat-zhumanovanyng-olimine-qatysty-is-boiynsha-sot-ukimi-shyqty/