"Жуас болғандықтан барынша басынған": Шымкентте кісі қолынан қайтыс болған 21 жастағы қыздың ағасы мәлімдеме жасады
Опубликовано:
11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақатынан қайтыс болған 21 жастағы қыздың ағасы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ол қарындасын өлтірген ер адамға әділ жаза берілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ол бұл туралы Treads әлеуметтік желісінде жазған.
"Есімім Сұлтан болады. 11.01.2026 күні пышақтап өлтіру жайлы оқиғадағы қыздың туған ағасы боламын. Шынымызды айтсақ, қан жылап отырмыз. Біз әр жаңалықты оқып отырамыз, қолдау көрсетіп жатқан жандарға рахметімізді айтамыз. Қазір біздің қолдан тек сол ("адамға" деген сөзді айтуға қимай отырмын) максималды срок беру ғана қолымыздан келеді. Қысқаша айтқанда, менің қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз болғандықтан, барынша басынған. "Жоқ" деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған.
Сол үшін бұл оқиғаны бүкіл жерге таратып, бізді қолдауларыңызды сұранамыз (әділ шешім шығаруға). Қазір бізге артық сөз сөйлеуге, жазуға болмайды. Өйткені кейін арғы жақтың адвокаттары тырнақ астынан кір іздейді. "Сот процесі" әділ өтеді деген сенім бар. Бәрімізге сабыр мен жүрек тыныштығын берсін", - деп жазды Сұлтан Серікбай.
Шымкент полиця департаментінің баспасөз қызметі бұл жазба расымен де қайтыс болған қыздың ағасы екенін растады.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттен 10 шақырым жердегі ашық даладан 21 жастағы қызды өлтірді деген күдікті ұсталғанын жазған едік. 28 жастағы қала тұрғыны қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұған дейін күдікті марқұмның танысы екені анықталған.
Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта бірқатар тергеу шаралары жүргізілуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз