Әкесін ұрып-соққан: Түркістан облысында қоғамда резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты
Опубликовано:
Түркістан облысында егде жастағы әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Соттың Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Жетісай аудандық сотында дәрменсіз күйде болған адамға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру (ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы) және азаптау (ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы) бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Сотта анықталғаны: сотталушы 2020 жылдан бері денсаулығы нашарлап, қозғалуында қиындықтары болған 70 жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соққан. Салдарынан жәбірленуші физикалық және психикалық азап шегіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген.
Сотталушының кінәсі өзінің түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейне материалдармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденген (алынған жарақаттар орташа ауырлықтағы дене жарақаты ретінде сараланып, өліммен тікелей себептік байланысы жоқ)", - делінген хабарламада.
Прокурор сотталушыға 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушінің өкілі жеңіл жаза беруді сұраған. Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.
- ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
- ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды: сотталушының бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындауы және өкініш білдіруі, кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімімен сотталушыға түпкілікті жаза ретінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қыркүйекте әлеуметік желіде Түркістан облысында ер адамның әкесін аяусыз қорлап, балағаттап, ұрып-соққан видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Көп ұзамай күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кейінірек күдікке ілінген ер адамның әйеліне де қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ күдіктінің мешітте қызмет ететіні туралы ақпарат тарады, алайда Түркістан облысының бас имамы ресми мәлімдеме жасап, ақпаратты жоққа шығарды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2332113-akesin-uryp-soqqan-turkistan-oblysynda-qogamda-rezonans-tudyrgan-is-boiynsha-sot-ukimi-shyqty/