"Баласын батареяға байлап ұрған": Жаркентте ұсталған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін
Опубликовано:
Желіде жас әйел баласын жылу батареясына байлап қойып, ұрып-соққан сәт түсірілген видео тарады. Бейнежазбаға полиция қызметкерлері назар аударған. Тексеруден соң 28 жастағы Жаркент тұрғыны баласына дене жарақатын салды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды, ол ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, WhatsApp мессенджерінде тараған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізді. Тексеру барысында 28 жастағы әйел кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталды.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі бала барлық мән-жай анықталғанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданады", - делінген хабарламада.
Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Балаларға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері түсінік берді.
"Балалар қазіргі уақытта қауіпсіз жерде. Зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балалардың жағдайы тұрақты, оларға психологиялық қолдау ұйымдастырылды.
Қорғаншылық және қамқоршылық органдары заңнамада белгіленген тәртіппен ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарайды. Жағдай өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында", - дейді комитет өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2332821-balasyn-batareiaga-bailap-urgan-zharkentte-ustalgan-aiel-ata-ana-quqygynan-aiyryluy-mumkin/