"Несие алуға мәжбүрлеп, автокөліктерді шетелге шығарып отырған": ІІМ қылмыстық схеманы әшкереледі
Опубликовано:
ІІМ автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкерледі, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
"Анықталғандай, күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредиттік тарихын жасанды түрде жақсартқан.
Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат автокөліктер шетелде сатылған", - делінген хабарламада.
ІІМ-нің мәліметінше, қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталған, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тінту іс-шаралары барысында бірнеше бірлік атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізіліп жатыр, негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2334879-nesie-rasimdeuge-mazhburlep-avtokolikterdi-shetelge-shygaryp-otyrgan-iim-qylmystyq-shemany-ashkerelendi/