Шымкенттегі жол-көлік оқиғасынан соң болған жаппай төбелес: тағы үш күдікті ұсталды
Опубликовано:
Шымкентте адам өлтіру дерегі бойынша іздеудегі үш күдікті ұсталды. Оқиға қала көшелерінің біріндегі жанжалдан кейін болған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Отырар арнасына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, күдіктілерді Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері тұтқындағанын адвокат Талғат Есімов мәлім еткен. Ол Василий Колесниковтың өліміне байланысты тағы үш адам ұсталғанын хабарлады.
Оның айтуынша, күдіктілер Түркістан облысының Түлкібас ауданы аумағында жасырынған.
Естеріңізге сала кетейік, қалалық полиция департаменті Шымкентте 20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмғанын, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Аталған жайт бойынша "адам өлтіру", "бұзақылық" және "адам ұрлау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
Келесі күні бұзақылық және адам өлімі фактілері бойынша төрт күдікті ұсталды.
Полиция қызметкерлері оларды уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.
Сондай-ақ желіде осы оқиғадан кейін тағы бір адамның көз жұмғаны туралы қауесет тарады. Алайда оны дәрігерлер жоққа шығарды. Олардың айтуынша, 1990 жылы туған жәбірленуші ауыр халде №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Жәбірленуші сол жақ кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Оған шұғыл ота жасалды. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде интенсивті терапия қабылдап жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2335314-shymkenttegi-zhol-kolik-oqigasynan-keiin-bolgan-kisi-olimi-tagy-ush-kudikti-ustaldy/