Бұрынғы әйелінің интимдік фотоларын таратты деген күдікпен БҚО тұрғыны бұсталды
Опубликовано:
БҚО-да интимдік материалдарды заңсыз тарату фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды БҚО ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жеке адамның жеке өміріне қатысты, оның жеке құпиясымен байланысты мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз тарату қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Аталған бап бойынша БҚО полиция департаментінің аудандық полиция бөлімдерінің бірінде қылмыстық іс қозғалған.
"Жедел-тергеу іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – жәбірленушінің бұрынғы жұбайы, WhatsApp мессенджері арқылы өзінің бұрынғы әйелінің интимдік фотоматериалдарын оның келісімінсіз заңсыз таратқан", - делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындап, айғақтар берген.
Сондай-ақ тергеу әрекеттері барысында қылмыстық құқық бұзушылықты жасау құралы ретінде пайдаланылған ұялы телефон тәркіленген.
"Жеке және бұрынғы отбасылық қатынастар жауапкершіліктен босатпайды, ал жеке және интимдік материалдарды келісімсіз тарату (оның ішінде цифрлық ортада) қылмыстық әрекет болып саналады", - деп ескертеді полиция өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2337204-bqo-da-buryngy-aielining-intimdik-fotomaterialdaryn-zangsyz-taratty-degen-kudikpen-er-adam-ustaldy/