"1 балл – 7000 теңге": Ақтөбеде мұғалім ҰБТ тапсыратын оқушыларды алдап түсірген
Опубликовано:
Ақтөбеде мұғалім "ҰБТ-дан 80 балл алып беремін" деп, оқушылардың әрқайсысынан 560 мың теңгеден алып алған. Сот мұғалімді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 4 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының №2 соты екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасады деген айыппен мұғалімге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот сотталушының мұғалім бола тұра жәбірленушілерге "Ұлттық біріңғай тестілеуден өткізіп беремін" деп уәде бергенін және 1 балды 7 000 теңгеге бағалап, 80 балл жинау үшін әр қайсысынан 560 000 тенгеден алғанын анықтаған.
Сотталушы жәбірленушінің әрқайсысына 560 000 теңге материалдық шығын келтірген.
Сот отырысында сотталушы өзінің кінәсін толық мойындады.
"Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің жауаптарымен, банк үзінділерімен, сондай-ақ іс материалдарындағы өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді", - делінген хабарламада.
Сот оған жаза тағайындар кезде кінәсін толығымен мойындауын, жасаған қылмысына өкінуін, жас балаларының болуын сотталушының қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңының 3-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес тағайындалған негізгі жазасының өтелмеген бөлігінің мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, мүғалімге түпкiлiктi 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2337639-1-ball-7000-tengge-aqtobede-mugalim-ubt-tapsyratyn-oqushylardy-aldap-tusirgen/