Бұрынғы әйелін WhatsApp арқылы қорқытып келген: Павлодарда сталкинг фактісі бойынша төрт іс қозғалды
Опубликовано:
Павлодар облысында полиция төрт іс бойынша сталкинг фактілерін тергеп жатыр. Іс материалдарына сәйкес, ер адамдар әйелдерді жалған ақпаратпен қорқытқан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы Ақсу қаласында ер адам танымайтын бойжеткенді әлеуметтік желіде "өзіне интимдік қызмет көрсеткені" туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату арқылы қорқытып, түрлі нөмірлерден хабарламалар жіберіп отырған.
Ұқсас жағдай Павлодар қаласында да болған: 29 жастағы ер адам әлеуметтік желі арқылы қызды аңдыған. Ал Екібастұзда ер адам WhatsApp мессенджері арқылы бұрынғы әйеліне "денсаулығына зиян келтіремін" деп қорқытып жүрген. Тағы бір Екібастұз тұрғыны полициядан көмек сұраған. Алты ай бойы таныс ер адам оны әлеуметтік желі арқылы заңсыз қудалаған.
"Сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Әркім бұл ойын емес, жеке шекара мен қауіпсіздікті бұзу екенін түсінуі керек. Бұл – қылмыс. Ешкім азаматтардың жеке өмірін немесе қадір-қасиетін бұзбауға тиіс. Желіде қудалау мен қорлау әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін", - деді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Сафуан Жампейсов.
Айта кетерлігі, бұл бап бойынша қылмыстық іс қудалаудан нақты зиян келген жағдайда ғана қозғалады. Мысалы, жеке өмірге қол сұғу, қозғалыс еркіндігін шектеу немесе психологиялық қысым көрсету.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2339058-buryngy-aielin-whatsapp-arqyly-qorqytyp-kelgen-pavlodarda-stalking-faktisi-boiynsha-tort-is-qozgaldy/