jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Халықтан жылу жинаған": Жетісуда туған қызын ұрып-соқты деп күдікке ілінген әкеге қатысты жаңа деректер айтылды

    Қорқып тұрған кішкентай қыз
    Кішкентай қыз. Көрнекі фото: fizkes/Getty Images

    Жетісуда үш жасар қызын ұрып-соққан әкеге қатысты жаңа деректер айтылды. КТК телеарнасының хабарлауынша, кішкентай қыз бұдан екі жыл бұрын бауыр циррозына шалдығып, Түркияда ем алған. Ал ата-анасы қызының емі үшін халықтан жылу жинаған.

    Жантүршігер оқиға кеше Талдықорған қаласында болған. Отасқанына бес жыл болған жанұяның екі баласы бар. Телеарнаның дерегінше, әкеден таяқ жеген үш жасар қыз тұңғыш баласы. Інісімен телефон қарап жатқан оны отағасы әйелі жоқта сабаған. Бұған баланың тоқтаусыз жылағаны себеп болыпты.

    "Мен кеткеннен кейін ұрған. Мені іздеген. Ішімдікке қатты берілгеннен кейін сыртқа шығып кеткен едім жуынуға. Сол кезде, соның арасында қызымды ұрып тастаған. Арқасы қатты көгерген. Ішкі құрылысына зақым келген. Бет жағы, иығы көгерген. Қазір жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер іш құрылысына зақым келгенін айтады. Жазасын алсын. Кішкентай қызымды бұлай ұрады, соғады деп ойлаған жоқпын. Өзім де шошып кеттім", - дейді баланың анасы.

    Екі жыл бұрын бүлдіршіннен бауыр циррозы дерті анықталған. Сол кезде ерлі-зайыпты халықтан видео арқылы көмек сұрап ақша жинап, Түркияда емделіп келген. Енді дүйім жұрт болып тілеуін тілеген бүлдіршін өз әкесінің кесірінен қайтадан ауруханада жатыр.

    "Үш жастағы сәби кеше кешкісін сағат 20:00-де облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізіліп, стационарлық емдеуге жатқызылды. Талдау жасалып, емдеу диагностикасына түсірілді. Бала бірнеше күн емделіп, дәрігерлердің бақылауында болады", - дейді Жетісу облысы көпсалалы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Альбина Боржықова.

    Күдіктінің тұрақты жұмысы жоқ. Әйелінің айтуынша, соңғы уақытта ішімдіктен аузы құрғамаған. Өзін талай рет таяқтың астына алғанына көніп келдім деген келіншек бұл жолы полицияға шағым түсірді. Қазір ер адам қамауға алынды. 

    "Полиция қызметкерлері баланың әкесін тұрғылықты мекенжайы бойынша масаң күйде ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында болады", - дейді Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары Руслан Шарапиев.

    Қылмыстық іс денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қозғалған. Енді күдікті 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

    "Халықтан жылу жинаған": Жетісуда туған қызын ұрып-соқты деп күдікке ілінген әкеге қатысты жаңа деректер айтылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.