Ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова үйқамаққа алынды
Опубликовано:
Астанада заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша күдікке ілінген блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу материалдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Instagram желісінде 15 млн-нан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты блогерлер өз аудиториясының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
ҚМА дерегінше, 2025 жылы олар онлайн-курстар сату желеуімен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған "курстарды" сатып алуға қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу мүмкіндігі итермелеген.
Құзырлы орган мәліметіне сүйенсек, таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Тергеу нұсқасы бойынша бұл курстардың нақты білім беретіндей құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған.
Ал жүлде қоры жеке қаражат есебінен емес, онлайн-курстарға қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен құрылған.
Одан бөлек тергеуде электронды "сәттілік барабанының" параметрлерін өзгерту фактілері анықталған, соның нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-нші автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.
Нәтижесінде азаматтардан Zhana Business ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңгені құраған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2339796-erli-zaiypty-blogerler-erbolat-zhanabylov-pen-elmira-tolegenova-uiqamaqqa-alyndy/