20 адам ұсталды: ҰҚК мен ІІМ бірнеше өңірде арнайы операция жүргізді
Опубликовано:
Қазақстанның бірнеше өңірінде бір мезгілде жүргізілген арнайы операция кезінде 20 адам ұсталды, деп хабарлайды ҰҚК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 4 ақпанда ҰҚК мен ІІМ бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен қару-жарақты өткізу және сақтау, қорқытып алу, ұрланған автокөлікті заңдастыру, сондай-ақ өзге де қылмыстарға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтың заңсыз қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операцияны жүзеге асырған.
Іс-шара бір мезгілде Алматы мен Шымкент қалаларында және Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, сондай-ақ Абай, Жетісу облыстарында өткізілген.
Оның барысында 20 адам ұсталып, олардың 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы, оқ-дәрілер, есірткі заттары, ірі көлемдегі ақша қаражаттары, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2340294-20-adam-ustaldy-uqk-eki-qala-men-alty-oblysty-arnaiy-operatsiia-zhurgizdi/