"Балаларын терезеден лақтырып жіберді" деп күдікке ілінген әйелге қатысты жаңа деректер жарияланды
Опубликовано:
Таразда полиция балалардың терезеден құлау фактісі бойынша мән-жайды анықтап жатыр. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева әйелдің бұрын ауыр депрессиялық жағдайда болғаны анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жамбыл облысында полиция көпқабатты үйдің терезесінен балалардың құлау фактісі бойынша тергеу жүргізуді бастады.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Instagram желісінде мәлім еткендей, балалардың анасы бұған дейін ауыр депрессиялық жағдайда болғаны анықталған. Алайда ем-домы толық аяқталмаған. Қазіргі уақытта оның үстінен кәмелетке толмағандарды өлтіруге оқталу фактісі бойынша іс қозғалған.
"Аймақтық өкіл ауруханадағы балалардың жағдайын көрді. Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ал қыздың жағдайы ауыр, сүйектері сынған", - деді балалар омбудсмені.
Динара Зәкиева балаларды қорғау мен алдын алу жолында қиындық туғызатын мәселелердің бірі – медициналық құпия екенін атап өтті.
"Медициналық құпияға байланысты денсаулық сақтау органдары балалардың құқықтарын қорғау органдарына ауыр депрессиялық жағдайы анықталған немесе психикалық денсаулығына қатысты диагноз бойынша есепте тұрған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы хабарламайды. Осындай жағдайлар қатыгездік пен өлтіру оқиғаларына жиі әкеледі. Балаларды қорғау қызметін атқаратын органдар балаларға бару және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдау үшін ақпаратқа ие болуға тиіс. Мен бұл мәселені заңдық деңгейде шешу қажеттігін ұсынамын", - деді Зәкиева.
Балалар омбудсменінің мәліметінше, күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысты 5 қылмыс тіркеледі. Оның 60–70 пайызы ата-аналар, әкелер немесе жақын адамдар тарабынан жасалады.
"Қауіптер мен мұндай қылмыстарды анықтау өте қиын. Өйткені олар үйде, жабық есіктің артында болады. Осыған байланысты соңғы екі жылда қабылданған заңдар арқылы қауіптерді ерте анықтау, көмек көрсету және отбасылармен жұмыс істеу үшін түрлі құралдар мен тәсілдер енгізілді", - дейді Динара Зәкиева.
Еске сала кетейік, бұған дейін Таразда болған оқыс джағдай туралы хабарлаған едік. Желідегі "анасы екі баласын көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен лақтырып жібергені" туралы ақпаратқа қатысты полиция пікір білдірген болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2341302-balalaryn-terezeden-laqtyryp-zhiberdi-dep-kudikke-ilingen-aielge-qatysty-zhanga-derekter-zhariialandy/