"Әйелдерді аңдыған": Шымкентте екі адам қамауға алынды
Опубликовано:
Шымкент полиция департаменті өкілдері қалада әйелдерге қатысты сталкинг бойынша екі фактіні анықтап, жолын кескенін хабарлады. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен таныс болған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Полиция департаментінің хабарлауынша, күдіктілер әйелдерді аңдыған. Екі ер адам қамауға алынды.
"Алғашқы жағдай бойынша қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға қатысты арызданған. Қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалауын жалғастырған: түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Жәбірленуші онымен байланысын толық үзіп, әлеуметтік желілерде бұғаттап, кездесуден қашқанымен, қудалау тоқтамаған", - делінген полиция хабарламасында.
Нәтижесінде күдікті жедел ұсталып, қамауға алынды.
Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды.
Полиция мұндай құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2341608-aielderdi-angdygan-shymkentte-eki-adam-qamauga-alyndy/