Жамбыл облысында әскери қызметші жарақат алды: бірнеше лауазымды тұлға міндетінен шеттетілді
Опубликовано:
Жамбыл облысында әскери қызметшінің жағы сынған. Ол Алматыдағы әскери госпитальге жатқызылды, деп хабарлайды Азаттық рухы.
Басылымның хабарлауынша, Гвардейск гарнизонының әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында", - деді Бас әскери полиция басқармасы өкілдері.
Осы факті бойынша материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркелген. Қазір жан-жақты тексеріс жүргізіліп жатыр.
Бас әскери полиция басқармасы өкілдері тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық адамның, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғарыдағы қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты.
Ал тергеу уақытында әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерінен уақытша шеттетілген.
Тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұл жағдай Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында, деп сендірді құзырлы орган.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2344185-zhambyl-oblysynda-askeri-qyzmetshi-zharaqat-aldy-birneshe-lauazymdy-tulga-mindetinen-shettetildi/