Жамбыл облысының тұрғыны 1500 теңгеге бола танысының қабырғасын сындырған
Опубликовано:
Жамбылда 1500 теңге мөлшеріндегі қарызы үшін танысының қабырғасын сындырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оған үш жыл мерзімге шартты жаза тағайындады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық сот мәліметінше, Рысқұлов ауданының соты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша азамат Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотта 2025 жылы тамызда Рысқұлов ауданының тұрғыны – сотталушы Б. жәбірленуші К.-ні мас күйде көріп қалып, одан 1500 теңге көлемінде қарызын қайтаруды өтінгені анықталды. Алайда жәбірленуші оны мойнынан ұстап алып, қыса бастаған. Әрі қарай төбелес басталған. Нәтижесінде сотталушы жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасап, оның төрт қабырғасын сындырған.
"Б.-нің кінәсі тараптардың айғақтарымен, медициналық қорытындымен және істің басқа да материалдарымен расталған", - дейді соттың баспасө қызметі өкілі.
Прокурор сотталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы өзі кінәсін мойындап, оны қатаң жазаламауды өтінді.
Ал жәбірленуші сотталушыны кешіріп, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі бойынша мұндай қылмысқа 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот сотталушының кінәсін мойындауын және оның оң қырынан сипатталуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен сотталушы 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, тағайындалған жаза шартты деп танылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2344917-zhambyl-oblysynyng-turgyny-1500-tenggege-bola-tanysynyng-qabyrgasyn-syndyrgan/