"Жеті қыз кастетпен ұрды": Таразда оқушы соққыға жығылды
Опубликовано:
Читать на русском
Желіде Таразда мектеп оқушысын көшеде жеті қыз аяусыз ұрып-соққаны туралы жазба тарады. Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Таразда тоғызыншы сынып оқушысын көшеде жеті қыз кастетпен аяусыз ұрып-соқты.
Зардап шеккен оқушы қыз екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатты, өз аяғымен жүре алмады, мүгедектер арбасында отырды.
Видео дәлелдер болғанына қарамастан, күдіктілер бостандықта жүр", - деп жазылған Telegram-дағы Egov.press арнасында.
Арнада жарияланған видеода зардап шеккен қыздың анасы көзіне жас алып, күн сайын өзіне қоқан-лоққы жасалып жатқанын айтады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті өкілдері NUR.KZ тілшісіне қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Төбелеске қатысқандардың бәрі анықталып, полицияға жеткізілді.
Оқушы қыздардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдердің әрекеті Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында да қаралды, нәтижесінде олар профилактикалық есепке алынды.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты және объективті түрде анықтау үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", - деді ПД баспасөз қызметі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2352912-zheti-qyz-kastetpen-urdy-tarazda-oqushy-soqqyga-zhygyldy/