"Бәpіміздің жанымызға батты": Түркістан облысының әкімі өрт болған үйге барып, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты
Опубликовано:
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, өрт салдарынан қайтыс болған жандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Нұралхан Көшеров қайғылы оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берген.
Сондай-ақ аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен танысқан.
Өңір басшысы президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді.
"Жетісай ауданы Алғабас ауылында болған ауыр қайғылы жағдай бәpіміздің жанымызға батты. Өрт салдарынан адам шығыны мен зардап шеккендер бар. Бұл – бүкіл облыс үшін орны толмас қасірет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия құрылды. Қазір барлық жауапты орган оқиғаның нақты себептерін анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Тергеу толық және жан-жақты жүргізілетін болады. Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау көрсетеміз. Бұл жағдай біздің толық бақылауымызда. Қандай да бір қосымша шаралар қажет болса, жедел іске асырамыз.
Қаза болғандардың жақындары мен отбасына қайғырып көңіл айтамын. Жарақат алған азаматтардың тез сауығып кетуін тілеймін. Біз мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық деңгейде қауіпсіздік шараларын күшейтеміз", - деді Нұралхан Көшеров.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан 12 адам көз жұмды. Олардың тоғызы – бала.
Ес-түссіз күйдегі тағы үш адам жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылған.
Қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, үкімет пен облыс әкіміне тапсырма берді.
Кейінірек балалар омбудсмені Динара Закиева өртке қатысты жаңа деректерді бөлісті.
Полиция өрт фактісі бойынша "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғады, сондай-ақ өрттің себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.
Сонымен қатар өрттен зардап шеккен үш адамның жағдайы белгілі болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз