Алматыда мопедпен жол апатына ұшырайтындар көбейген
Жарияланған күні:

Алматыда мопедтің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы күрт артты. Соңғы бес айда қос дөңгелекті құралды тізгіндегендердің 150-і түрлі жарақатпен ауруханаға түскен, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Арна мәліметінше, дәрігерлер статистиканың жылдам артып бара жатқанына алаңдаулы.
"Жетінші ауруханаға ай сайын мопедтің қатысуымен болған жолкөлік апатына түсіп, жарақат алған 20-30 адам келіп түседі. Үш санатқа бөлсек болады. Біріншісі, мопед айдайтындар, екіншілері жаяу жүргіншілер, үшіншілері көлік тізгіндегендер. Жарақаттары әр түрлі. Бірінің басына зақым келсе, енді бірінің аяқ-қолы сынып ауруханаға жеткізіледі", - деді Алматы №7 ауруханасының бөлім меңгерушісі Елдар Құрмаев.
Арна мәліметінше, Алматы денсаулық сақтау басқармасы мопедтің кесірінен жарақат алғандардың қарасы былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артқанын айтқан. Соңғы бес айдың өзінде 150 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Солардың бірі — Аман Асқар. Айтуынша, өз жолағынан бұрыламын дегенде автобус қағып кеткен.
"Басыма бе сағат ота жасады. Бұл аяқ астынан болған жағдай. Өзім мопедист достарыма айтайын дегенім,жолда абай болыңыздар. Бұған дейін көп сәт болды. Өмірімді құтқарып қалған дәрігерлерге алғысым шексіз", - деді Аман Асқар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2026175-almatyda-mopedpen-zol-apatyna-usyraityndar-kobeigen/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде