Дәрігерлер жол апатынан зардап шеккен Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлының жағдайы туралы айтты
Опубликовано:
Читать на русском
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жол апатынан зардап шеккен Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлының жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Рахмоновтар травматология бөліміне бассүйек-мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы деген алдын ала диагнозбен жатқызылды. Жағдайлары орташа. Оларға клиникалық хаттамалар бойынша ем жүргізіліп жатыр", - деді ведомство өкілдері.
Еске сала кетейік, желіде Жамбыл облысында болған жол апатының видеосы тараған еді. Жазбада Toyota Land Cruiser 200 жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол талғамайтын көлік аударылып қалғаны жазылған.
Онда "көлікті белгілі қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың әйелі жүргізді" деген ақпарат тарады. Полиция бұл ақпаратты ресми түрде растамады – олар көлікте болғандардың жеке деректерін жариялаған жоқ.
Алайда екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Осы бапқа сәйкес, автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеті – белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов UFC промоушенінде өнер көрсететін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері. Қазақстандық 19 рет жеңіс тұғырынан көрінген – "Номад" өз мансабында ешқашан жеңіліп көрмеген.
Sport.kz сайтының хабарлауынша, Рахмоновтардың төрт баласы бар – үш қыз және бір ұл. Кенже қызы өткен жылдың сәуір айында дүниеге келген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2269584-darigerler-zhol-apatynan-zardap-shekken-shavkat-rahmonovtyng-aieli-men-ulynyng-zhagdaiy-turaly-aitty/