Бестеректегі жол апаты: зардап шеккен балалардың бірі санавиация арқылы Семейге жеткізілді
Опубликовано:
Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш баланың бірі Семейдегі госпитальға жеткізілді. Бұл туралы Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккен қыз бала медициналық авиация арқылы аудандық ауруханадан Семей медицина университеті госпиталінің балалар бөлімшесіне жеткізілген.
"Жарақатының ауырлығына және тасымалдау кезінде өміріне қауіп төндіру ықтималдығына байланысты бірден облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Үнемі бақылау мен тексерулерден кейін жағдайы әуе көлігімен тасымалдауға жарамды деп танылып, Семейге жеткізу туралы шешім қабылданды.
Семей медицина университеті госпиталінің дәрігерлері, атап айтқанда, госпиталь директорының педиатрия жөніндегі орынбасары, Абай облысының штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Каримов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Асетов алғашқы күннен бастап Үржар аудандық ауруханасында көмек көрсетіп, баланы облыс орталығына жеткізді", - делінген хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қазіргі уақытта университет госпиталінде заманауи құрылғылардың көмегімен зардап шеккен баланың жағдайы жан-жақты тексеріліп, тиісті емдеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Ол анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасынан жарақат алған үш баланың екеуі 20 тамызда Үржар аудандық ауруханасынан санитариялық авиация бортымен Астанадағы №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілген болатын.
Ал тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологының бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалған еді.
Естеріңізге сала кетейік, жол-көлік оқиғасы 19 тамызда болды.
Полицияның мәліметінше, алдын ала деректерге сәйкес, Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында тұрған балаларды қағып кеткен.
Салдарынан кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза болған. Жарақат алған тағы үш бала ауруханаға жеткізілген.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсеткен. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оқиға орнына зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог секілді мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиация ұшағы жіберілді.
Кейінірек облыстық әкімдік жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға қатысты жаңа деректерді жариялады. Әкімдіктің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмған, сонымен қатар 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алған. Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/road-accident/2278428-besterektegi-zhol-apaty-zardap-shekken-balalardyng-biri-sanaviatsiia-arqyly-semeige-zhetkizildi/