Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде пластикалық отаға ерлер де жиі жүгінетін болған

Жарияланған күні:

Қазір қалтаң қалың болса, тек денсаулықтан басқасының бәріне оңай қол жеткізетін заман болды. Әдемі киініп қана қоймай, бет-әлпетіңді де белгілі бір уақыт аралығында әдемілете аласың деп жазады korrespondent.kz.

Әжім түссе, оны тартқызып, ақ ұлпадай тегістету қиын болмай қалды. Тіпті өзіңе ұнамай жүрген дене мүшеңді түзеп, кеудеңді үлкейтіп, қалқан құлағыңды қалыпты етіп, кесіп те тастатуға болады.

«Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» демекші, расымен де, қалтаң қалың болса, ақ желеңді дәрігерлер дегеніңді бұлжытпай жасап береді. Оның үстіне бүгінде елімізде пластикалық хирургтердің саны да, қызметінің сапасы да артып отыр.

Демек, сұраныс барда олардың арасында бәсекелестіктің болары сөзсіз. Жалпы дене мүшеңді пышақтың көмегімен өзгерту, яғни, жасанды сұлулық жасату дұрыс па? Оның қандай мүмкіншіліктері бар? Бағасы қанша? Елімізде көбіне пластикалық отаның қай түріне сұраныс көп?

Қазақстанда жасанды сұлулыққа көбіне қалталы азаматтардың әйелдері мен көңілдестері, сонымен қатар өнер адамдары құмар екен. Алайда отандық өнер иелері жасанды сұлулық жасатқаны туралы көп айта бермейді. Тіпті кейбірі онысын барынша жасырып қалғысы келеді. Көз алдымызда жүрген олардың кенеттен мұрны мен ерні өзгеріп, бет терісі жасара қалғанын байқамау мүмкін емес.

Ботокс жасатып, әжімнен бір пәсте айырыламын деу – дұрыс емес. Танымал продюсер Баян Есентаеваның ойынша, ботоксты жылына ең көп дегенде екі рет қана жасату керек. Дұрысы, 8-9 айда бір рет жасатқан дұрыс. Сонымен қатар дұрыс күтіне білуің шарт. Барынша сұлулана түсемін деп жасанды сұлулықтың соңынан қуып кетуге де болмайды.

Ботокс демекші, жақында ғана оралдық келіншек жасанды сұлулыққа барамын деп жан тәсілім еткені бар. Бұл оқиға күллі елді шулатты. Демек, жасанды сұлулық адам өміріне аса қауіпті. Бірақ сұлулық – құрбандықты талап етеді емес пе?

Хирург мамандардың айтуынша, біздің елде ең жиі пластикалық ота көзге жасалады екен. Яғни көбіне көздің астындағы теріні алу, қабақты көтеруге сұраныс көп. Екінші орында омырауды үлкейту, кішірейту оталары. Ал үшінші орында – бетті тарту. Бетті ажарландыруға арналған пластикалық отаны тек нәзік жандылар ғана емес, ерлер де жиі жасататын көрінеді.

Мұрын, ерін, құлақты да өзгерткісі келетіндер бар. Дегенмен аса көп емес. Жалпы Қазақстанда жасанды сұлулыққа келушілердің 70-80 пайызы қыз-келіншектер болса, қалғаны ер азаматтар. Тағы бір қызық мәлімет, Қазақстанда жынысты ауыстыра алатын дәрігерлер жоқ емес. Тек елімізде оған заң тұрғысында рұқсат жоқ. Сол себептен отаның бұл түрі заңсыз болып табылады.

Пластикалық хирургтер аса шұғыл жағдай болмаса, ондай отаны кәмелеттік жасқа толып қойған соң жасаған абзал деп кеңес береді. Себебі пластикалық оталарға да наркоз қолданылады. Демек, ол әлі жақсы дамымаған ағза үшін зиянын тигізбей қоймайды.

Алайда кейбір қалталы азаматтардың перзенттері табиғи болмыстарына көңілдері толмай, қоярда-қоймай ота жасатуға бел буады. Мұндай жағдайда дәрігерлер отаны ата-аналарының келісімімен ғана жүргізе алады.

Жалпы елдегі жасанды сұлулықтың бағасына тоқталсақ, бет әлпеттің бүкіл әжімін тарту 1 000 доллардан басталады. Көздің жоғарғы қабағына қатпар салу 50 мың теңгеден жоғары.

Қалқан құлақтарды қалыпқа келтіру 40 мың теңгеден басталса, көзді үлкейту, мұрынды жөндеу 100 мың теңге көлемінде. Ең қымбат операция - маммопластика. Бұл - әйелдер кеудесін үлкейту деп те аталады. Ең төменгі баға 3,5 мың АҚШ долларынан бастап, он мыңға дейін жетеді.

Көкірекке силикон орнатып, төсті үлкейту бала емізгенге ешқандай кедергісін тигізбейді. Ерекше ескере кетерлігі, бетті тарту, теріні жаңарту сынды операцияларды күн сәулесі төмен уақытта, яғни, қыс пен күз айларында жасатқан абзал. Ал құлақ, мұрын, еріннің пішінін өзгерту, қабағына қатпар салу сияқты оталарды жылдың кез-келген мезгілінде жүзеге асыруға болады.

Сұлу болуға шамадан тыс берілгендердің бет-бейнесін өзгертуге шектен тыс құмартып, бір жасалған отаға қанағаттанбай жататын сәттер де болады. Содан бірнеше рет пышақ астына түсуге мәжбүрленеді. Яғни, пластикалық ота біреулер үшін кәдімгі есірткі секілді, бірден торына түсіріп, тәуелді етіп шығарады. Оның соңы жақсылыққа апармасы анық. Сондықтан да жасанды сұлулықтың құрбанына айналмас үшін төмендегі кеңестерді жадыңызда ұстаңыз:

- Ота жасатқалы отырған мекеменің тарихына көз жүгіртіп шығыңыз. Егер сізге дейін қандай да бір шулы оқиғалар орын алса, өзге клиниканы таңдаңыз;

- Ота жасайтын дәрігердің білімі мен біліктілігіне мән беріңіз. Сізге дейінгі нәтижелерін жіті сұрап алыңыз;

- Сіз барған клиникада сізге дейін ота жасатқан өзге емделушілермен пікірлесіңіз;

- Операциядан кейін орын алатын өзгерістер туралы анықтап алыңыз. Есіңізде болсын, медицинада ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды;

- Дұрысы, оқыс жағдайлар мен туа біткен кемшіліктер болмаса, табиғи сұлулыққа ешнәрсе жетпейді.

Исламда пластикалық ота жасатуға екі көзқарас бар. Мәселен, адам Алланың жаратқан бейнесін қанағат тұтпай, пластикалық ота жасатса, шариғат оған тыйым салған. Исламда бұл Алланың жаратқан ісіне араласу болып есептеледі.

Ал егер адам денесінде туа бітті бір мүшенің кем немесе артық жаралуы, қайғылы жағдайларға байланысты зақымдалған жерлерін емдету мақсатында ота жасатуға мәжбүр болса, шариғатта оған рұқсат етілген. Себебі, адам денесіндегі кемістіктер де аурудың бір түріне жатады.

Ислам діні әрбір аурудың емі бар екенін айтқан. Қорыта айтқанда, әркім өзінше сұлу. Табиғи болмысыңызға жасанды сұлулық жасату, жасатпау туралы шешім өз еркіңізде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1121694-elimizde-plastikalyq-otagha-erler-de-zh/