Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұйқыда жатқанда жиі бастырылу зиян ба: Мамандар жауап берді

Опубликовано:

Ұйқыда жатқанда жиі бастырылу зиян ба: Мамандар жауап берді
Фото: Pexels

Адамдар ұйықтап бара жатқан сәтте немесе шырт ұйқыда жатқанда бастырылып қалып жатады. Мамандар адамның мұндай дәрменсіз күйін ғылым тілінде "бастырылу" деп атаса, халық арасында оны кейде тіпті тылсым күштердің әсері деп санаған. Бүгінгі мақаламызда бастырылып қалу жайлы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынатын боламыз.

Бастырылып қалу күйі қанша уақытқа созылуы мүмкін?

Бастырылып қалудың не екенін ғылыми тілде түсіндіретін болсақ, бұл – түнде санаңыз ояу болып, айналаңызда не болып жатқанын білсеңіз де, денеңіз қозғалмай, сал болып қалуы, тіліңіздің күрмеліп, дауысыңыздың шықпай қалуы. Бұған қоса адамдар бұл күйде бөлмеде басқа адамның жүргенін, оның алқымнан алып, қысып жатқанын, я болмаса сүйреп, итеріп жатқанын сезеді.

style.rbc.ru порталы берген ақпаратқа сүйенсек, ғалымдар әлем халқының кем дегенде 7,6%-ы дәл осы күйді басынан өткеретінін айтқан. Сол сияқты ұйықтаған кезде бастырылып қалатын адамдардың 35%-дан астамында бұл жағдай жиі қайталанады екен.

Басылым "ұйқы салы" туралы негізгі 6 деректі мысалға келтіреді:

  • бастырылып қалу бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін созылады;
  • адамдар бастырылғанда, қозғалу және сөйлеуге қабылетсіз болып қалады;
  • кейде тұншығып, елестер көруі мүмкін;
  • көп жағдайда жасөспірімдерде жиі кездеседі, алайда ересектердің арасында да кездесетін жағдайлар жоқ емес;
  • әдетте адам жаны қатты күйзелгенде немесе ұйқы режимі бұзылған уақытта болады;
  • адам өміріне ешбір қауіп төндірмейді, бірақ кей жағдайларда дәрігердің араласқаны абзал.

Адам қалай бастырылуы мүмкін?

style.rbc.ru сайтындағы мәліметтерге сәйкес, мамандар түнде бастырылатын адамдарды мынадай 3 санатқа бөледі екен:

  • Әлдекімнің бөлмеге кіріп келуін сезу – ұйықтап жатқан адамға үйдің есігі ашылған сияқты болып көрінеді немесе ол адамның көлеңкесін көреді, я болмаса бөлмеде біреу жүргендей көрінеді, сол себепті адам қатты қорқып, қара терге түседі;
  • Адам бөлмеде тылсым күш барын сезеді – кеудесінде тынысы тарылып, әлдекім оны алқымынан алып, тұншықтырып жатқандай сезімде болады, мұндайда адам өзін өлім алдында жатырмын деп ойлайды;
  • Түрлі түсініксіз "сезімдер"- адамдар денесінен жаны шығып кеткендей, болмаса биіктен құлап бара жатқандай немесе керісінше биікке ұшқандай күй кешеді.
Ұйқыда жатқанда жиі бастырылу зиян ба: Мамандар жауап берді
Фото: Pexels

Бастырылу кезінде адамға түрлі нәрсе елестейтіні рас па?

style.rbc.ru басылымы сондай-ақ, Вашингтон университетінің клиникалық психологы, "ұйқы салын" көп жылдар бойы зерттеп жүрген ғалым Брайан Шарплесстың зерттеуінен үзінді келтірген. Онда психолог науқастарының бірі, бастырылған кезде кішкентай вампир қызды көргенін айтқан. Науқастың айтуынша, кішкентай вампир қыз әйелді қолынан ұстап, тозаққа апарамын деп қорқытқан. Мамандар мұның бәрі галлюцинация болуы мүмкін дейді.

Ал qadam.asia басылымының мәліметінше, адамдар ұйқы салы кезінде қозғала, сөйлей алмай дәрменсіз күйде жатқан кезде қорқынышты галлюцинацияларды көруі мүмкін екен. Мұндай сезімді бастан өткерген жандар бөлмеде қорқынышты бір жаратылыстың өзіне жақындап келе жатқанын көргенін айтады.

Адам не себепті бастырылуы мүмкін?

style.rbc.ru сайты адамның шырт ұйқыда жатқанда, бастырылуының себептерін іздеп көрген. Төменде солардың маңыздыларына тоқталамыз:

  • ұйқының бұзылуы – ауысымдық жұмыс, күндіз ұзақ ұйықтаса немесе ұйқы режимінің болмауы;
  • ұйқысыздық;
  • көп уақыт бойы ұйқының қанбауы;
  • үнемі шалқадан жатып ұйықтау;
  • кейбір дәрі-дәрмектер (мысалы, гипербелсенділік синдромына қарсы дәрілер);
  • ұйықтамастан бұрын ішімдік немесе кофеин ішу, темекі шегу;
  • тұқым қуалаушылық.

Мұндай белгілер түнде бастырылатын он адамның ішінде төртеуінде кездесуі мүмкін. Бір қызығы бастырылу – адамның өміріне еш қауіп төндірмейді.

qadam.asia ұсынған мәліметтер бойынша, әйел адамдарға қарағанда ерлер екі есе көп бастырылады екен. Ғалымдар мұны нәзік жандыларға қарағанда ер адамдар тіршіліктің қамымен үнемі қозғалыста жүретіндіктен, қатты шаршайтындығымен байланыстырып отыр.

Ұйқыда жатқанда жиі бастырылу зиян ба: Мамандар жауап берді
Фото: Pexels

Бастырылып қалудан қалай арылуға болады?

Егер адам жиі бастырылып, соның салдарынан денсаулығы сыр бере бастаса, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Ақ халаттылар мұндайда бастырылудың басты себептерін анықтауға тырысады. Жиі бастырылмас үшін дәрігерлер келесі кеңестерге құлақ түруді ұсынады:

  • бірнеше апта бойы күнделік жүргізу, бастырылудың қалай болғанын жазып отыру;
  • науқасты түс маманына жолдау – олар науқаспен арнайы жұмыс істейтін болады;
  • күйзелістің алдын алатын препараттарды тағайындау.

Ресейлік невролог, м.ғ.к. Михаил Полуэктов зерттеу мақалаларының бірінде бастырылу сауалнамаға қатысқан студенттердің 25%-нан астамында кездескенін айтады.

"Бастырылу өте сирек болады және ол бар-жоғы бірнеше секунд немесе минутқа созылуы мүмкін.

Бастырылу себебінен адам қайтыс болған оқиғаны кездестірмеппіз. Ал жиі бастырылып, мазасы қашып жүрген адамдар психологқа барып қаралғаны дұрыс. Себебі ол адамның жанын қинайтын оқиғаларды, күйзелісті тауып, оны емдеу жолдарын қарастырады", – дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1965273-uiqyda-zatqanda-zii-bastyrylu-ziyan-ba-mamandar-zauap-berdi/

pixel