Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ересектер мен балалардың жүрек соғысы қанша болуы керек

Опубликовано:

Ересектер мен балалардың жүрек соғысы қанша болуы керек
Көрнек сурет: pixabay.com

Жүрек соғысы – жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін, басты биомаркерлердің бірі болып табылады. Пульс көрсеткіштері денсаулықтағы ақауларды көрсетуі мүмкін, сол себепті оған баса мән берген жөн. Пульсті қалай өлшеу керек және қалыпты жағдайда ол қанша болу керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын бүгінгі материалдан білетін боласыздар.

Пульс түрлері және оны қалай өлшеген дұрыс?

Пульс – бұл жүрек бұлшықеттері жиырылған сайын, күре тамырлар қозғалатын, біркелкі, ырғақты тербеліс болып табылады. Дәрігер Брунилда Назарионың айтуынша, денсаулығында ақауы жоқ адамдардың көпшілігінде жүрек соғу жиілігі минутына 60-100 соққыны құрайды екен.

Пульстің қандай түрлері бар?

Пульстің үш түрі бар. Олар:

  • Артериялық. Мұндай пульс — жүректен артериялық жүйеге қан бөліп шығарудан және ондағы қысымның өзгеруінен пайда болатын, артерия қабырғаларының ауытқу жиілігі болып саналады. Көп жағдайда "пульс" туралы сөз қозғағанда, дәл осы артериялық пульс жайлы айтып жатады.
  • Веноздық. Бұл – мойынға және жүрекке жақын орналасқан бірнеше басқа үлкен күре тамырлардың пульсациясы болып табылады.
  • Капиллярлық (Квинке пульсі) – артериялық жүйеде қысымның тез және күрт жоғарылауына байланысты ұсақ артериолалардың біртіндеп әрі ырғақты кеңеюі болып саналады. Мұндай жағдайда күшті пульстік толқын ең кішкентай артериолаларға әсер етеді, десе де капиллярларда қан ағымы үздіксіз болады. Пульстің бұл түрі көбінесе аорта қақпақшасының жеткіліксіздігі жағдайларында кездеседі.
Ересектер мен балалардың жүрек соғысы қанша болуы керек
Көрнекі фото: Pixabay

Пульсті қалай дұрыс өлшеу керек?

Үй жағдайында қолданылатын ең қарапайым тәсіл – пальпация. Аталған процедураны төмендегідей жасауға болады:

  1. Бірнеше минут демалыңыз.
  2. Жатыңыз, отырыңыз немесе тұрыңыз. Осы қимылдарыңыздың бәрінде пульсті өлшеп отырыңыз. Негізі пульсті таңғы уақытта жатқан күйде өлшеген дұрыс.
  3. Ортаңғы, сұқ және сақина тағатын саусақпен, білекте орналасқан артерия нүктесін табыңыз. Секундомерді қосып, минутына қанша соққы болғанын есептеңіз.
  4. Cекундомерді қосып, пульсті өлшеңіз.

Кристофер Николсонның айтуынша, пульсті дәл осындай жолмен басқа артерияларда да өлшеуге болады:

  • бет;
  • иық;
  • бастың сол және оң жақ шеті;
  • ұйқы;

Тамырлардың тербеліс жиілігін анықтай отырып, бұл көрсеткіштің нормаға сәйкес келетін, келмейтіндігін анықтауға болады. Айта кетерлігі, ол адамның жынысына тікелей байланысты болмақ. Мәселен әйел адамның жүрегі денесіне байланысты ер адамға қарағанда кішірек болады, сол себепті олардың жүректері жылдамырақ соғады.

Сонымен қатар жүрек соғу жылдамдығы адамның жас ерекшелігіне де байланысты екен. Мысалы, нәрестелердің жүрек бұлшықеттері толыққанды жұмыс істеуді енді бастағандықтан, олардың жүрегі жиірек соғады. Уақыт өте келе, адамның жасы ұлғайған сайын оның жүрек соғу жиілігі азая бастайды, ал қартайған шағында қайтадан жиілей түседі. Салдарынан жүрек-тамыр жүйесі жұмысы нашарлайтын болады.

Әйел адамдардың пульс нормасы қандай?

Г.А.Духованың зерттеулеріне сүйенсек, әйелдердің жүрек соғу жылдамдығы орта есеппен минутына 60-75 соққыға дейін жетеді. Бұл туралы төмендегі кестеден көре аласыздар.

Ал жүктілік кезінде жүрек соғу жиілігі артады, себебі әйел адамның денесінде қан айналымының көлемі ұлғаяды. Үшінші триместрдің соңында көрсеткіштер, тіпті 10-15 бірлікке артады екен. Пульс жиілігі тек босану кезінде ғана қалыпқа келеді.

Ерлердің пульс нормасы қандай?

Қалыпты жағдайда ерлердің пульс нормасы өзгермейді. Олардың жүрек соғысының орташа жиілігі минутына 60-80 соғысты құрайды. Ерлердің жас ерекшеліктеріне байланысты пульс көрсеткіштерін, төмендегі кестеден көре аласыздар:

Ересектер мен балалардың жүрек соғысы қанша болуы керек
Кесте: KAZ.NUR.KZ

Балалардың пульс нормасы жайлы не білеміз?

Балалардың жүрек соғу жылдамдығы – дені сау балалардың жүрек соғысының орташа көрсеткішімен бірдей. Балалардағы пульстің қалыпты көрсеткіштерін медицина ғылымдарының докторы А.С.Большев пен оның әріптестері түсініктеме берді. Төмендегі кестеден осы жайлы барлық мағлұматтарды біле аласыздар.

Балалардың жүрек соғысы қанша болуы керек
Кесте: KAZ.NUR.KZ

Жүрек соғу жиілігінің нормасы көрсеткіштерінің ауытқуына зиянды әдеттер, еңбек жағдайы, артық салмақ, жас ерекшелігі, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары әсер етеді. Күнделікті пульсті өлшеу арқылы сіз ағзаңыздың жалпы жай-күйін бақылай аласыз. Егер көрсеткіштер қалыпты нормаға сай келмесе, онда міндетті түрде медициналық мекеменің көмегіне жүгініңіз.

Назар аударыңыз! Материал тек ақпараттық сипатта ұсынылып отыр. Дәрігермен алдын-ала кеңес алмай, жоғарыда жазылған емдеу әдістеріне жүгінбеуге кеңес береміз.

Дереккөздер:

1. Большев А. С., Сидоров Д. Г., Овчинников С. А. Частота сердечных сокращений. Физиолого-педагогические аспекте. Учебное пособие. Нижний Новгород: ННГАСУ, 2017. — 76 с. — Қолжетімділік режимі: https://bibl.nngasu.ru/electronicresources/uch-metod/medicine/865855.pdf

2. Духова Г. А. Методика определения и оценка функционального состояния сердечно-сосудистой системы. Методические указания. — М.: МИИТ, 2014. — 25 с. — Қолжетімділік режимі: https://www.miit.ru/content/%D0%9A%D0%BD%D0%B8%D0%B3%D0%B0.pdf?id_vf=36849

3. Brunilda Nazario. What to Know About Your Heart Rate // WebMD. — 2020. — 21 July. — Режим доступа: https://www.webmd.com/heart/ss/slideshow-heart-rate

4. Christopher Nicholson.How to check the arterial pulse // Nurs Stand. — 2015. — 4 November. — Қолжетімділік режимі:: https://pubmed.ncbi.nlm.nih.gov/26530590/

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1966228-eresekter-men-balalardyn-zurek-sogysy-qansa-boluy-kerek/

pixel