Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Едәуір сабырлы бола бастады": Жылқы малының ерекше балаларды емдеуде қандай көмегі бар

Жарияланған күні:

Иппотерапия курсынан өтіп жатқан балақай
Иппотерапия курсынан өтіп жатқан балақай. Фото: Ақжайық

Жеті қазынаның бірі - жылқының адамзат үшін пайдасы орасан зор. Адам денсаулығына әсер ететін қасиеті де бар. Мәселен, Атырауда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін иппотерапия курсы ашылған. Мамандардың айтуынша, мұндай ем балалардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді, деп хабарлайды Ақжайық басылымы.

Иппотерапия (лат. Hippos - жылқы, therapia - медициналық көмек, емдеу) – оңалту ретінде жылқымен емдейтін дене шынықтыру түрі. Әлемдік оңалту тәжірибесінде емдік тұрғыда атпен жүру, адамның психологиялық және физиологиялық жағдайын ескеруге мүмкіндік беретін оңалтудың көп функционалды әдісі ретінде қарастырылады.

2021 жылдың шілде айынан бастап "Балалар – ел болашағы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Атырауда ерекше қажеттіліктері бар 95 бала осы иппотерапия курсынан өткен. Биыл бірлестік 120 баланы оңалтуды жоспарлап отыр.

Жоба мемлекеттің көмегімен жүзеге асырылуда.

Иппотерапия курсының - церебралды сал ауруына, аутизмге шалдыққан, психикалық дамуы тежелген, сөйлеу қабілеті тежелген және басқа да жүйке-психоневрологиялық диагноздары бар балалар үшін тигізер пайдасы мол.

Немересіне церебральды сал ауруы диагнозы қойылған Светлана әжейдің айтуынша, бұрын немересі жиі дірілдейтін және өздігінен жүре алмайтын. Осы иппотерапия курсына қатысқалы бері оң өзгеріс байқалған.

"Сабақтан кейін әлдеқайда сабырлы бола түсті, енді біздің көмегімізбен де, өздігімен де қозғала алады", - дейді зейнеткер.

Тағы бір ананың сөзінше, иппотерапия курсынан өткелі бері ұлының денсаулығы әлдеқайда жақсарған.

"Бізге бірнеше диагноз қойылды - психикалық дамуының тежелуі, AСБ (аутизм спектрінің бұзылуы), майтабан, оған қоса баланың іші қатып қалатын, содан кейін жылауық (киста) анықталды. Осының салдарынан бала гипербелсенді, мазасыз. Тағайындалған дәрі-дәрмектер бұл белгілерді жеңілдетуге көмектеспеді, оның үстіне киста диагнозы қойылғаннан кейін бізге бұл препараттарды қабылдауға мүлдем тыйым салынды. Дәрігерлердің бәрі бірауыздан жүзумен, иппотерапиямен айналысуға кеңес берді.

Қазір ұлым оңалтудың екінші курсынан өтуде, нәжісі қалыпқа келді, едәуір сабырлы, орнықты, әр нәрсені білуге құмар бола бастады. Бұрын сабақта 10 минутқа да шыдамайтын, қазір жарты сағаттай ат үстінде жайбарақат отырады. Бұрын жануарларға мән бермесе, қазір мысыққа, итке жақсы қарайды, жылқыны көргенде ерекше қуанады", - дейді Венера Ликерова.

"Балалар – ел болашағы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Өтепқалиеваның айтуынша, курстан өту үшін балардың жасына келгенде шектеу бар. Сондықтан ол алдағы уақытта жас шегін кеңейту туралы ұсыныс жасайтындарын айтады.

Себебі, емдеуді және оңалтуды неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым ілгерілеу айтарлықтай болатынын әріптестерінің тәжірибесі көрсетіп отыр.

Одан бөлек Гүлмира Өтепқалиева нұсқаушыларды оқыту үшін Атырауға осы салада 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан, балаларды оңалтуда тәжірибесі мол Өскемен орталығының мамандары келіп, үйретіп жатқанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1970624-edauir-sabyrly-bola-bastady-zylqy-malynyn-erekse-balalardy-emdeude-qandai-komegi-bar/