"Ұлы шарқ ұрып іздейді": Перзентханада көз жұмған қарағандылық әйелдің туыстары дабыл қақты
Жарияланған күні:
Қарағандыдағы перинаталдық орталықта босанғанына 21 күн болған әйел көз жұмды. Динара Левенконың артында екі баласы қалды. Бұл жайт туралы марқұмның туысы Камила Юсупова KAZ.NUR.KZ порталына жазған хатында баяндаған, олар жас босанған ана өлімін дәрігерлердің салғырттығынан көріп отыр. Аталған жайтқа Қарағанды қалалық денсаулық сақтау басқармасы жауап қатты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Динара Левенко 29 сәуірде Қарағандыдағы № 1 перинаталдық орталықта кесарь тілігі арқылы босанған. Марқұмның сіңлісі Камила Юсупованың сөзінше, жас ананың халі нашар болғанына қарамастан, перзентханадан үйіне шығарған.
"Оны перзентханадан денесінің қызуы барына қарамастан, ауырып тұрған күйі үйіне шығарды. Бұл сөзіме аудиожазбалар дәлел бола алады. Бір тәуліктен кейін оның гемоглобині 50-ге түсіп кетті, яғни көп қан жоғалтқан. Сондықтан дәл сол перзентханада жедел түрде жатырын алып тастады. Салдарынан перзентханада қанына инфекция түсіп, сепсис болып, миына шапқандықтан қайтыс болды. 21 тәуліктен соң акушерлік сепсистен көз жұмып отыр", - дейді Камила порталға жазған хатында.
Камила әпкесінің артында екі баласы қалғанын айтады. Оның сөзінше, Динара көңілді, өмірсүйгіш жан болған.
"Менің әпкем өзі көптен күткен баласын дүниеге әкелді және дәрігерлердің кесірінен екі бала анасынан айырылып, аңырап қалды. Үлкен ұлы түнде оянып, анасына телефон шалуымызды сұрап, шарқ ұрып іздейді. Біз оның анасы тура туған күнінде, 27 мамырда қайтыс болғанын жеткізе алмадық", - дейді марқұм әйелдің сіңлісі.
Динараның туыстары жас ананың өмірін сақтап қалуды дәрігерлерге қайта-қайта тапсырғанын алға тартады.
"Ал менің бар талап-тілегімді дәрігерлер бір-біріне сілтей берген. Ешкім босанған ананың сепсис жұқтырғанын елемеді, санэпидемиологтар да, сапа бойынша бақылау комитеті де. Бұл медицинадағы шектен шығу қашан тоқтайды?
Егер сен босану үшін ақша төлемесең, сені перзентханадан қан кетіп жатқанына қарамастан, жағдайыңның ауыр екеніне қарамастан шығара ма? Неліктен қазіргі заманауи медицинада жас әйелдер босанып жатып өлуі керек? Дәрігерлер, бірінші кезекте, қалай емдеуді емес, жауапкершіліктен қашуды ғана ойлайды. Бұл жайтқа назар аударуларыңызды сұраймын", - деп жанайқайын жазған хатында Камила Юсупова.
Бұл жайт бойынша Қарағанды қалалық денсаулық басқармасы ресми пікір білдіріп, Динара Левенконың өліміне қатысты жоспардан тыс тексеріс жүріп жатқанын жеткізді.
"Қазір жас босанған ана Левенконың өлімі бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады. Одан бөлек туыстарының прокуратураға жазған шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - делінген ведомство берген ресми жауапта.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1972750-uly-sarq-uryp-izdeidi-perzentxanada-koz-zumgan-qaragandylyq-aieldin-tuystary-dabyl-qaqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.