Сәбиді құйрық маймен емдеу қаншалықты дұрыс: Педиатр жауап берді

Опубликовано:

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Бала ауырғанда құйрық маймен емдеу қаншалықты дұрыс? Бұған тәжірибелі педиатр Майра Айтуарқызы Sputnik Қазақстан агенттігіне берген сұхбатында жауап берді.

Майра Айтуарқызының сөзінше, тұмаумен ауырып тұрған баланың денесін маймен сылаған дұрыс емес.

"Бұрын да, қазір де нәресте ауырса, бірден құйрық маймен сылап, емдеп аламыз деп ойлайтын. Бірақ баланың кеудесін маймен сылау – тұмау кезіндегі ең үлкен қателік. Себебі ол ауруды одан әрі асқындырып, обструктивті бронхитке әкеліп соғады. Яғни, тыныс жолдарының ісінуі мен қабынуы пайда болады", – дейді педиатр.

Майра Айтуарқызының айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ешбір хаттамада, халықаралық деңгейдегі стандарттарда құйрық маймен емдеу әдісі қолданылмайды. Тек халық емшілігінде ғана кеңінен пайдаланылады.

Одан бөлек құйрық майды ем ретінде қолданған күннің өзінде оны дәрілік мақсатта пайдалануды білетін емші температураны ескеруі керек, дейді ол.

"Бір жастан асқан балаларды дене қызуы жоқ кезде сыласа болады. Қыс мезгілінде бет пен қол жарылмас үшін қолдануға жақсы болар. Ем ретінде пайдалануға болады екен деп кез келген уақытта, баланың ерекшелігін ескермей іске кіріспеген жөн. Өйткені оның иісіне кей балада лоқсу болуы мүмкін. Кейбірінде аллергия пайда болады", – дейді педиатр.

Дәрігер тәжірибесінде құйрық майды шамадан тыс ысытып баланы сылаған уақытта, дене қызуы көтеріліп, соңы пневмонияға әкелген жағдайлар да болғанын атап өтті.

"Санитарлық талаптар сақталмағаннан, құйрық майды ұзақ сақтағаннан оның емдік қасиеттері жойылады. Кейбір балаларда лоқсу болып, тәбеті төмендейді. Тәжірибемде жаңа туған нәрестені құйрық маймен сылап, артынан оны бесікке бөлеген сәттер болған. Кейін термореттелу орталығы әлі қалыптаспаған баланың қызуы артып, тыныс алуы нашарлап, өкпе қабынуымен жансақтау бөліміне түскен. Сондықтан да педиатр ретінде құйрық маймен сылауға болады деп кеңес берген емеспін", - дейді Майра Айтуарқызы.

Сонымен қатар Майра Айтуарқызы емдік мақсатпен балаға 3-4 айынан бастап құйрық май сорғызуды да дұрыс деп санамайтынын жеткізді.

Айтуынша, сәбиде құнарлы заттарды ерітетін без әлі толық қалыптаспаған. Салдарынан бүлдіршіндерде гастрит, өт және ішек жолдарының ауруы пайда болуы мүмкін.

"5 жастан асқан балаларға, асқорыту жүйесі дұрыс қалыптасқан балаларға емдік мақсатпен құйрық майды пайдалануға ешқандай қарсы көрсетілімдер жоқ болса, ыстық сүтке қосып береді. Жөтелін басуға, қақырық түсіруге, тамағы қызарып ауырған кезде қосымша терапия ретінде қолданады. Бірақ арнайы медициналық кітаптарда олай пайдалануға болады деп жазылмаған", – дейді маман.

Сондай-ақ Майра Айтуарқызы баланың денесіне массаж жасау барысында қойдың майы түгіл арнайы дәріханада сатылатын майды да жағуға болмайтынын ескертті.

"Қазіргі таңда Ресей және Американың медицинасы оны (май-ред.) тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек екенін айтуда. Терінің саңылауларын түрлі сұйықтықпен бітеу – зат алмасу процесін, дененің тыныс алуын тежеп, физиологиялық жетілуіне кері әсерін тигізеді", – дейді педиатр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/1975895-sabidi-quiryq-maimen-emdeu-qansalyqty-durys-pediatr-zauap-berdi/

jitsu gif